Павлодар облысының қолөнершілері халықаралық сайттың базасына енгізіледі

23 Маусым 2022, 23:47
1302
Бөлісу:
Павлодар облысының қолөнершілері халықаралық сайттың базасына енгізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл ұлытаулық шебер реставратор Сәрсенбай Қотырашовтың жаяу сапарының нәтижесінде мүмкін болмақ, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Сәрсенбай Қотырашов бүгін Павлодарға келді. 72 жастағы шебер еліміздің 17 өңірін жаяу аралап шығуды мақсат еткен. Павлодар облысы ол табан тіреген тоғызыншы өңір.

Бұл идеяны мен бұрыннан ойлап жүрдім. Бұл сапарда менің үш мақсатым бар. Біріншіден, туған жерім Ұлытаудың мәдени-тарихи мұрасын кеңінен насихаттасам, екіншіден, қымыздың пайдалы қасиеттеріне жұртшылық назарын аударғым келеді. Оның үстіне ЮНЕСКО-мен келісімім бар. Қазақстанды аралап жүріп, мыңнан астам қолөнершілер туралы мәлімет жинасам, олар жеке сайтқа еніп, осылайша дүние жүзіне танымал болады, – дейді Сәрсенбай Қотырашов.

Ұлытаулық ақсақал бұл сапарын сәуір айында бастаған. Осы уақыт ішінде ол бес жұп аяқ киімді тоздырып үлгерген. Бірақ ол жаяу жүргіншілер жолы оған қымбатқа түспегеніне риза. Қай өңірге келсе де құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, тегін қонатын орын ұсынады.

Қазақстан халқы өте қонақжай, жылы қарсы алғандарыңызға рахмет, – деді саяхатшы.

Сәрсенбай Қотырашовты сапарында жерлесі, депутат Бақтияр Қожахметов алып жүреді.

Сапарын аяқтаған соң Сәрсенбай Президенттің қабылдауына түсіп, қымыздың емдік қасиетін дәлелдеп, сонымен қатар қымыз күнін ресми мереке ретінде белгілеуді ұсынбақ, – деді Бақтияр Қожахметов.

Сәрсенбай Қотырашовты Павлодар жерінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері қарсы алды. Туризм бөлімінің басшысы Салтанат Нұрмағамбетова ақсақалға Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті.

Айта кетейік, Сәрсенбай Қотырашов сапарының қорытындысы бойынша кітап шығаруды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы