Павлодар облысының әкімі сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді

9 Маусым 2019, 10:43
1736
Бөлісу:
Павлодар облысының әкімі сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берді.

Аймақ басшысы таңғы 07.00-де отбасымен сайлау учаскесіне келді. С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханада орналасқан №15 учаскеде 1633 сайлаушы тіркелген. Олардың қатарындағы 24 азамат үй жағдайында дауыс береді.

Еске салсақ, әдетте учаскеге алғаш болып келген азаматтарға сыйлықтар үлестіріледі. Азаматтық ұстанымын танытқандардың қатарында 86 жастағы павлодарлық азаматша болды.

«Дауыс беру - азаматтық борышым. Өзім ерте тұрғанды ұнатамын, сондықтан, сайлау учаскесіне ерте келдім», - дейді зейнеткер Иния Шафигулина.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгін таңғы сағат 07.00-де 543 сайлау учаскесі ашылды. Олардың 23-сі жабық типтегі орындар.

Жалпы, сайлау барысы халықаралық ұйымдар өкілдерінің басты назарында. Бүгін халықаралық ұйымдардың 24 байқаушысы облысқа жұмыс сапарымен келген.

Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Нұрлан Нәбиевтің айтуынша, демалысқа қарамастан, таңның атысынан учаскеден табылғандардың қарасы қалың.

Халықаралық ұйым мүшелері сайлаушыларға көрсетілген сый-құрметті тілге тиек етті. Себебі, бүгінгі күні учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жанжарға кедергісіз таңдау жасау үшін жағдай жасалған.

«Кез келген учаске мүгедектерге арналған кабиналармен қамтылды. Әр кабинада аудио-видео құралдары, үлкейткіштер бар. Бұны дауыс берушілерге деген қамқорлық деп білеміз. Науқан рет-ретімен жүріп жатыр», - дейді халықаралық байқаушы Ольга Благо.

Айта кетейік, Павлодар облысында 500 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.


Фото: Валерий Бугаев


Өзгелердің жаңалығы