Павлодар облысында «Заманауи мектеп» бағдарламасына 1 млрд теңге бөлінді

17 Шілде 2023, 16:49
871
Бөлісу:
Павлодар облысында «Заманауи мектеп» бағдарламасына 1 млрд теңге бөлінді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Ертіс өңірінде «Заманауи мектеп» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Жоба шеңберінде білім беру орындарының ғимараттарын жөндеу, заманауи құралдармен жабдықтау қарастырылған.

Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Гүлмайра Медиеваның айтуынша, қаражат мектептерді жөндеу, жаңа модификациядағы кабинеттер, зертханалар мен жиһаз сатып алуға жұмсалады.

«Облыс орталығының барлық 17 мектебіне жаңа кабинеттер сатып алу көзделген. Технология, логопедия сыныптарын жабдықтау жоспарланған. Биыл бес білім беру нысананды инклюзия кабинеттері ашылады», - дейді Гүлмайра Медиева.

Қазіргі уақытта Павлодардағы 10 мектебінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Мәселен, №2 орта білім беру мектебі соңғы жылдары жөндеу көрмеген. Мамандардың айтуынша, алпысыншы жылдары салынған ғимарат әбден ескірген.

«Балалардың қауіпсіздігі – басты назарымызда. Мектеп ғимараты ескі болғандықтан, электр желілері де әбден тозды. Өрт болып қала ма деп үнемі қорқатынбыз. Биылғы жөндеу науқанында өрт қауіпсіздігіне басымдық береміз. Авторлық және техникалық қадағалау органдары бақылау жүргізеді. Ата-аналар комиссиясы да құрылыс жұмыстарының барысын көре алады», - дейді мектеп директоры Гүлшекер Белгібаева.

Жалпы, өңірде білім беру жүйесін дамытуға 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бюджет есебінен мектеп жанындағы спорттық алаңдар мен стадиондар жаңа кейіпке енеді деп күтілуде. Абаттандыру жұмыстары да қолға алынбақ.

Өзгелердің жаңалығы