Павлодар облысында үш ана өлімі тіркелді

3 Маусым 2022, 13:01
1858
Бөлісу:
Павлодар облысында үш ана өлімі тіркелді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірі ана өлімі көрсеткіші бойынша елімізде екінші орында. Жыл басынан бері үш ана босанған соң көз жұмған.

Сала мамандарының мәліметінше, өткен жылы да үш қайғылы оқиға болған. Әр жағдай республикалық деңгейде сараланып, әрқайсысы бойынша тексеріс жүргізіледі. Мамыр айының басында тағы бір жас ана перхентханада көз жұмды.

29 жастағы павлодарлық Еркежан Әкімбекова үшінші баласын дүниеге әкелген. Кейінгі күні жағдайы нашарлап, қан кеткен. Жолдасы Сағади Әкімбековтің айтуынша, дәрігерлер босанған әйелді қараусыз қалдырып, уақытында көмекке келмеген.

Еркежан босанған күні хабарласып, «жағдайым жақсы» деген қуаннышты хабар айтты. Бір күн өткен соң қан тоқтамай кетті. Еркежан дәрігерлерді шақырса да, уақытында келмеген. Әйелім өте төзімді адам еді. Ақ желеңділерді күтіп отырды. Бірақ, тиісті ем-дом шаралары қолға алынбады. Бұл туралы маған әп-сәтте хабарлап отырды. Енді қолымда төрт, екі жарым жасар ұл-қызым мен нәрестем қалды. Тұңғышым анасын күнде сұрайды. Не айтарымды білмеймін. Дәрігерлер уақытында келсе, өлімнің алдын алуға бола еді, - дейді Сағади Әкімбеков.

Қайтыс болған келіншек гениколог-дәрігер мамандығы бойынша білім алған. Сағади Әкімбековтің айтуынша, қайғылы оқиғаға мамандардың салғырттығы мен әрекетсіздігі себеп.

Өзге адамдардың зардап шегуін қаламаймын. Менің ойымша, дәрігерлер салғырттық үшін жұмыстан шеттетілуі керек. Медициналық тексеріс жүргізсін немесе емханаларда жұмыс істесін. Бірақ, перзентханадан алыста болуы керек, - дейді Сағади Әкімбеков.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүргізген. Мекеме басшысының орынбасары Гүлнар Буратаеваның айтуынша, Павлодар қалалық №1 ауруханасының басшысы, оның орынбасарлары мен оқиғаға қатысы бар мамандар сөгіс алды. Ал перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметінен төмендетіліп, ургенттік қызметте қарапайым кезекшілікпен айналысатын болды.

Қазіргі уақытта патологиялық-анатомиялық зерттеу де жасалып  жатыр. Соның нәтижесінде жас ананың өлімінің нақты себебі анықталады. Әзірге өлім «сепсис» салдарынан болды деген болжам жасап отырмыз. Сепсис акушерлік және өзге де медицина салаларында күрделі әрі ауқымды дерт. Яғни, полиорганды жетіспеушілік болды. Науқасқа көмек көрсетілді. Оның жағдайы күрт өзгерді, - дейді Гүлнар Буратаева. 

Айта кетейік, осы оқиға бірнеше күннен соң салалық министрлік жанындағы республикалық штабта қаралады. Патологиялық-анатомиялық сараптама аяқталған соң медициналық-фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің тексерісі басталады. 

Жыл басынан бері аймақта үш ана қайтыс болды. Әр жағдай бойынша жіті тексеріс жүргізіліп, өлім себебі анықталды. Бірінші жағдайда келіншек онкологиялық дерт салдарынан сөз жұмса, екінші әйелдің бала көтеруге денсаулығы жарамаған. Ал үшінші жағдай бойынша себеп әзірге нақтыланбады.

Өзгелердің жаңалығы