Павлодар облысында стихиялық қоқыс орындарының 93%-ы жойылды

30 Шілде 2020, 13:24
1735
Бөлісу:
Павлодар облысында стихиялық қоқыс орындарының 93%-ы жойылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде пайда болған стихиялық қоқыс орындарының 93%-ы жойылды.

Жедел шаралар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стихиялық қоқыстарды жою тапсырмасын орындау аясында қолға алынды. Бұл бағытта облыстық экология департаменті өкілдері стихиялық орындарды жинау жоспары бекітілді. Алдымен қоқыс үйілген жерлер ғарыштық мониторингтің көмегімен анықталды.

Облыстық экология департаментінің басшысы Ілияс Құрамысовтың мәліметінше, аймақта тұрмыстық қоқыс тасталған 587 нысан анықталды.

Қазіргі уақытта "Қазақстан Ғарыш Сапары" кәсіпорнының мәліметтеріне сүйеніп, стихиялық қоқыс орындарын жоя бастадық. Бүгінгі уақытқа дейін жергілікті атқарушы органдар 545 қоқыс үйіндісін жинады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда, - дейді Ілияс Құрамысов.

Айта кетейік, Павлодар облысында "Таза Қазақстан" кешенді шаралары аясында рейдтер басталды. Қоғам белсенділері, экологтар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері Ертіс өзенінің бойындағы экологиялық жағдайды бақылауда.

Осылайша, табиғат аясында қоқыс тастағандар қатаң жауапқа тартылатын болады. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Асылбек Әнуарбекұлының айтуынша, соңғы уақытта тұрғындардың экологиялық мәдениеті төмендеп кеткен.

Ертіс өзенінің бойы қоқысқа толы. Пластикалық бөтелкелер, қағаз, металл заттары жетіп артылады. Карантинге қарамастан, адамдар демалысқа шығып жүр. Осылайша, өзеніміздің бірегей экологиялық тепе-теңдігі бұзылып кетуі мүмкін. Соған алаңдаймыз, - дейді бас маман.

Мамандар бір рейд кезінде 200-ден астам естелік парақшаларын таратып, ережелерді егжей-тегжейлі түсіндіреді. Осы тектес шаралар күзге дейін ұйымдастырылмақ.

Өзгелердің жаңалығы