Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде шыбын-шіркейдің көбеюіне қатысты жағдай тұрақталып келеді. Сала мамандары дезинсекциялық шаралардың аралық қорытындысын жариялады.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының хабарлауынша, Ертіс өзенінің жайылымдарындағы барьерлік өңдеу шаралары алтыншы мамырдан бастап жүргізіле бастаған.
Жайылымдық учаскелер бойынша бұл Ертістің сол және оң жағалауы, Теміржол көпірінен Усолка шаңғы базасына дейінгі аумақты қамтиды. Бір аптадан соң әуеден улау шаралары басталды. Жалпы көлемі 27 мың гектарлық аумақты құрайды. Ауадан өңдеу 21 алаң бойынша жүргізілді. Бұл аралықты 13 тоннадан астам биологиялық құрал және 1160 литр химиялық препарат қолданылды, - дейді жауапты басқарма басшысы Қадылжан Сәтиев.
Ғылыми топ жетекшісі Дәулет Ибраевтың айтуынша, дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі 80%-дан асады. Облыс орталығындағы улау шараларына қосымша бригадалар қосылады.
Маса дернәсілдері бойынша 15 мың гектардан астам жайылымдық аумақ өңделді. Өңдеуге дейін бір шаршы метрде 1500 дернәсіл болса, улаудан кейін олардың 244 данасы қалды. Орташа тиімділік 83,7%-ды құрайды. Шіркей бойынша бір шаршы дециметрге 533 дернәсілден келсе, өңдеуден кейін олардың саны 96-ға азайды. Орташа тиімділік - 81,8%, - дейді Дәулет Ибраев.
Айта кетейік, Павлодар облысында қансорғыш жәндіктермен күрес жұмыстарына 600 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар ғылыми сүйемелдеуге 20 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мердігер ұйыммен улау шаралары бойынша үш жылдық мерзімге келісімшарт жасалды.