Павлодар облысында шомылу маусымы басталғалы 28 адам көз жұмды

9 Тамыз 2019, 20:11
1341
Бөлісу:
Павлодар облысында шомылу маусымы басталғалы 28 адам көз жұмды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарынан жасақталған және арнайы орындарда шомылып, су айдындарындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов облыста шомылу маусымында 17 коммуналдық жағажай бекітілгенін айтты.

«Оның үшеуі қалаларда, 14-і ауылдық жерлерде. Облыс аумағында барлығы қауіпсіз 29 орын дайындалған. Олардың 16-сы жекеменшік жағажайлар. Жергілікті полиция қызметі, ювеналды полиция, білім беру бөлімдері мамандарымен бірлескен күнделікті рейдтік шаралар күшейтілді. Суда қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі бойынша 303 рейд өткізіліп, тұрғындарға 29303 жаднама таратылды», - деді Самат Асаинов.

Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жүргізілген рейдтік шаралар барысында 215 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың көбісі тыйым салынған орындарға шомылған, қоғамдық орындарда ішімдік ішкен адамдар.

Спикердің айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су айдындарының маңындағы қауіпті және жасақталмаған орындарда 84 тыйым салу белгісі және 57 ескерту белгісі орнатылған. Алайда, оның көбісіне бұзақылардан зақым келген.

Атқарылған жұмыстарға қарамастан шомылу маусымы басталғалы бері облыстың су айдындарында 28 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала. Алты бала ересектердің бақылауынсыз жүрген.

Самат Асаинов қайғылы жағдайлардың барлығы азаматтардың жауапсыздығынан орын алып, тұлғалар шомылуға тыйым салынған жерлерде суға батып кеткенін атап өтті.

«Соңғы бес жылдың сараптамасына қарасақ суға шомылу кезінде көз жұму оқиғалары шілде айында көбірек орын алады. Өткен жылы маусым бойы 24 адам көз жұмса, биыл тамыздың басында 28 адамға жетті. Адамдар өздерінің және балаларының өміріне жауапты қараса екен дейміз. Соңғы оқиға Екібастұз қаласында орын алды. Ер адам ішімдік ішіп алып, ескертуге қарамастан баласын ертіп су арнасына барған. Жолда балықшылардың жанынан өткен. 10 минуттан кейін бала жүгіріп келіп әкесінің батып жатқанын айтқан. Балықшылар жеделдетіп барғанның өзінде өмірін арашалап үлгермеді», - дейді Самат Асаинов.

Өзгелердің жаңалығы