Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қансорғыш жәндіктермен күресудің кешенді бағдарламасы аясында дезинсекциялық шараларға облыстық бюджеттен 600 млн теңге бөлінді.
Сала мамандарының хабарлауынша, бұл қаражатқа 200 мың тонна препарат сатып алынады. Шыбын-шіркей дернәсілдеріне қарсы өңдеу жұмыстары облыс аумағында жүргізіледі.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім жетекшісі Дияр Қайыркеновтің мәліметінше, жәндіктердің дернәсілдеріне қарсы күрес бойынша 18 мыңнан астам гектар әуеден өңделеді. Тағы 6 мың гектар жер барьерлық өңдеумен қамтылмақ.
«Мемлекеттік сатып алу процедурасы нәтижесінде мердігер ұйымдармен ресейлік кәсіпорындармен келісімшарт жасалды. Бүгінгі күнге дейін өңдеу шараларына арналған техниканың дайындығын пысықтадық. Әзірге екінші тарап препараттың алғашқы легін, яғни 100 мың литрін тасымалдап үлгерді. Қалған көлемі келісімшарттық міндеттемелерге орай әкелінеді», - дейді Дияр Қайыркенов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта сарапшылар тобы улағыш құралдарының сапасын техникалық құжаттамаларға сәйкестігін тексеріп жатыр. Алғашқы сынамалар тексеріліп, оң зертханалық қорытынды шығарылды. Дезинсекциялық жұмыстар Ертіс өзені қалыпты арнасына түкеннен кейін, яғни, сәуір-мамыр айында басталады.
Дизенсекциялық шаралар барысында ғылыми қолдау көрсететін мамандардың айтуынша, өңірде 2000 жылдардың басында өңірде шіркейдің алты түрі тіршілік еткен. Ал бүгінгі күні үш түрі қалған. Екі жыл бұрын жәндік дернәсілдерінің бір шаршы метрге шаққандағы тығыздығы 1200 дананы құрады. Бүгінде көрсеткшіш бірнеше есеге азайды. Себебі, тиімді биологиялық алгоритмі әзірленді.