Қостанайда «Нұрлы жер» аясында 330 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

16 Сәуір 2019, 21:58
1875
Бөлісу:
Қостанайда «Нұрлы жер» аясында 330 мың шаршы метр тұрғын үй салынады
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 330 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсимбаев мәлімдеді.

2018 жылы Тобыл-Торғай өңірінде аталмыш бағдарлама аясында 299 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл бұл көрсеткішті 10% арттыру жоспарланып отыр.

Серік Бейсимбаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес, сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін пәтерлер бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестіріледі. Олардың кезегін жергілікті атқарушы органдар анықтайды.

«Кредиттік тұрғын үйлерге келсек, былтыр жергілікті атқарушы органдардың облигациялары 10,5 млрд теңгеге берілді. Биыл да осы межені ұстауға тиіспіз. Қазірдің өзінде республикада 6 млрд теңгенің облигациялары мақұлданып, өткен жылы басталған құрылыстарға құйылып жатыр», - деді Серік Бейсимбаев.

Бағдарламаның үшінші бағыты – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл бағыт бойынша құрылыс жұмыстары 2017 жылы Қостанай ауданына қарасты Заречный ауылында басталған. Өткен жылы бой көтерген бір және екі қабатты 172 баспана пайдалануға берілді. Биыл мұнда жоспарланған 279 тұрғын үйдің қалғаны салынып бітеді.

«Аэропорт шағын ауданында құрылыс жалғасып жатқанын білесіздер. Биыл әлеуметтік нысандар тұрғызу басталады. Мысалы, жаңа оқу жылына дейін 1200 орындық мектеп құрылысы бой көтермек. Екі балабақша, мәдени демалыс орны да салынады», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, жергілікті билік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын Юбилейный шағын ауданындағы 47 үйдің құрылысын 2021 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнда 900 орындық мектеп және балабақша тұрғызылады.

Тағы бір жоспарлы аймақ – Қостанай іргесіндегі Қонай ауылы. Онда құрылыс 2020 жылы қызады. Биыл республикалық бюджеттен 7,9 млрд теңге бөлініп, инженерлік коммуникация тарту жұмыстары басталды.

Өзгелердің жаңалығы