Павлодар облысында орман қоры ұлғаяды

22 Қыркүйек 2022, 10:19
2968
Бөлісу:
Павлодар облысында орман қоры ұлғаяды

Қазан айының басында күзгі көшет егу науқаны басталады. Биыл көктемде Павлодар облысының орман қоры 26 миллионнан аса қарағай көшетімен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы «Хабар 24» жазды.

Павлодардың мемлекеттік орман қорының аумағы 478 мың гектарды алып жатыр. 2025 жылға дейін оның көлемі 19 мың 500 гектарға ұлғаяды. Соңғы екі жылда орманмен көмкерілген  6 мың 246 гектарға 26 миллион түп кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылған. Екі жылдық қарағай көшеттері биыл 3 мың 215 гектар алқапқа егілуі тиіс. Бүгінгі таңда меженің 85 проценті орындалды. Қалғаны осы қазан айында қолға алынады. Орман шаруашылықтары күзгі көшет егу жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Сондай-ақ қазір көктемде егілген көшеттерге санақ жүріп жатыр.

Екі жылдық көшеттер отырғызылды. Оның бәрі мына күздік түгендеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін белгілі болады. Жалпы Павлодар облысы бойынша мына отырғызылған көшеттердің жерсінуі 65-70 пайыздан кем болмауы керек. Егер де ондай нәтижеге жетсек яғни жұмыстардың тиімділігі бар деген сөз. Орман шаруашылық мекемелері 25 қыркүйекке дейін осы түгендеу жұмыстарын жүргізіп инспекцияға тиісті материалдарды тапсырады, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев. 

Ертіс орманы табиғи резерватындағы күзгі ағаш отырғызу науқаны биыл 419 гектар алқапты қамтиды. Орман өртінен зардап шеккен жерлер де қалпына келтіріліп жатыр. Сонымен қатар Шалдай және Бесқарағай тәлімбақтарына қарағай бүрі егіледі. Жалпы аумағы 4 гектар алқапқа тұқым себу жоспарланып отыр. Орман қорын ұлғайтуға қажетті егу материалдарымен «Ертіс орманы» табиғи резерваты және Баянауыл ұлттық паркі қамтамасыз етеді. Олар жылына 12 миллион данаға дейін қарағай көшеттерін беруге қуатты. Ал облыс әкімдігінің қарамағындағы орман шаруашылықтары өзін-өзі қамтамасыз ету үшін уақытша үш тәлімбақ салған. Бұл саланың кемшін тұстары да жеткілікті. 

 Енді мына орман отырғызу көлемдері жылма-жыл өсіп келе жатыр. Сондықтан ең бірінші, жаңағы проблематика бұл орман мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, екіншіден, мына тұрақты тұқымбақтар жоқтығынан жаңағы отырғызатын екпе көшеттердің тапшысы. Бұл сұрақтар облыс әкімі деңгейінде көтерілген болатын. Облыс әкімі тиісті тапсырмалар берген. Тиісті қаражат облыстық бюджеттен бөлінуі тиіс, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Келесі жылғы меже бойынша 3 мың 200 гектар аумаққа қарағай көшеттері отырғызылады. Оның 1 мың 250 гектары облыс әкімдігіне қарайтын шаруашылықтарға тиесілі . Бұл осы жылмен салыстырғанда 5 есе жоғары көрсеткіш. Орман алқаптарының көбеюіне орай алдымыздағы жылы 6 миллиондай көшет тапшылығы туындауы мүмкін дейді мамандар. Бес жылдық кешенді жоспарға сәйкес Павлодар облысының мемлекеттік орман қоры шамамен 20 мың гектарға артады.

Өзгелердің жаңалығы