Павлодар облысында қорғаныш киімдер өндірісі іске қосылды

2 Қазан 2020, 12:34
1560
Бөлісу:
Павлодар облысында қорғаныш киімдер өндірісі іске қосылды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі Торайғыров университетінің бір топ ғалымы жеке қорғаныш бұйымдарын өндіре бастады. Жаңа өндіріс ілкімді жобаларды қаржыландыру аясында қолға алынды.

Жоба авторы Теміржан Қарбаевтың айтуынша, отандық өнімнің артықшылықтары көп. Оның коронавирустық инфекциясының алғашқы толқынын бастан өткерген мамандар растап отыр.

Жеке қорғаныш құралдары деп айтып отырғанымыз, ол - обаға карсы комбинезон, понарамалы пластикалық бетперде. Біріншіден, киім ағзаға зиян келтірмейді. Ағза дем алып, терлемейді. Себебі, біз ауа өткізетін сапалы мата қолданамыз. Екіншіден, отандық өнімнің бағасы қолжетімді. Бір жиынтықтың құны 9 мың теңгеден аспайды. Жобаға 5 млн теңге жұмсалды. Бұл қаржыға біз құрал-жабдық сатып алдық, - дейді Теміржан Қарбаев.

Павлодар облысында қорғаныш киімдер өндірісі іске қосылды

Торайғыров университетінің PhD докторы Аида Омарованың айтуынша, өнім шығаруды қолға алмас бұрын маркетингтік сараптама жасалған. Нәтижесінде ішкі нарыққа қажет өнім болып шықты.

Пандемия кезінде жергілікті емдеу мекемелерінде қорғаныш құралдары тапшы болғанын көрдік. Барлығы алыс жерден тасымалданды. Бағаларды салыстыра келсек, сан алуан. Кей өндірушілер біз ұсынатын тауардың бір данасын 25 мың теңгеден саудалап жатыр. Біздің цехымыздың айлық қуаттылығын бес мың данаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Тапсырыстар түссе, арттыруға да болады, - дейді Аида Омарова.

Жоба авторларының айтуынша, жаңашыл өнімнің отандық нарықта ұқсас түрлері кездеспейді. Себебі, бірнеше рет пайдалануға жарамды. Қазіргі уақытта жоба авторлары сертификаттау процедураларынан өтуде. Алдағы уақытта шағын өндіріс іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Өнім мемлекеттік стандарттарға сай. 
Өзгелердің жаңалығы