Павлодар облысында наурыз айында үш мыңға жуық адамға екпе салынады

4 Наурыз 2021, 14:26
1821
Бөлісу:
Павлодар облысында наурыз айында үш мыңға жуық адамға екпе салынады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріне COVID-19 инфекциясына қарсы 80 мың екпе бөлінген. Қазіргі уақытта медицина және білім беру салаларының қызметкерлеріне екпе ерікті түрде салынып жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, халықты вакциналауға өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында 107 екпе кабинеті ашылған. Бұл үрдісті сапалы жүргізу мақсатында 1000-ден астам маман оқу курстарынан өткен.

Қазіргі уақытта мұғалімдер мен дәрігерлерге екпе салу жұмыстары бекітілген кесте бойынша атқарылуда. Екі кезең аяқталған соң күш құрылымдарының қызметкерлеріне екпе сала бастаймыз. Бұған екі айлық уақыт кетеді. Кейін екпе алуға ниет білдірген тұрғындарды қабылдай бастаймыз. Әрине, екпені бірінші кезекте ауруға тез шалдығуы ықтимал топтағы азаматтар алады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова.

Осы жылдың ақпан айында вакцинаның бірінші компонентін 1200 адам алды. Ал 21-ші ақпанда екінші компоненттің 1200 дозасы түсті. Бүгінгі күнге дейін 813 адамға екпе салынды.

Мамандардың мәліметінше, наурыз айында 2750 адамға екпе салу жоспарланған.

Айта кетейік, соңғы тәулікте коронавирустық инфекциясны 81 адам жұқтырды. Бүгінгі таңда 493 адам стационарлық ем, тағы 1238 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр


 

 

 

 


Өзгелердің жаңалығы