Павлодар облысында мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның құқығы бұзылған

22 Маусым 2022, 11:09
1019
Бөлісу:
Павлодар облысында мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның құқығы бұзылған
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау және медициналық қызмет көрсету бойынша өрескел заңбұзушылықтар тіркелді. 

Соңғы екі жарым жыл ішіндегі олқылықтарды прокурорлық тексеріс көрсетті.

Облыстық прокуратура қызметкерлерінің хабарлауынша,  кешенді шара барысында мүгедектермен жұмыс істейтін атқарушы органдардың қызметін тексерген. 

Медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметі мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау бойынша тексерілді. Біз 1000-нан астам мүмкіндігі шектеулі адам заң бойынша гигиеналық заттар, арбалар және әлеуметтік көмекшілерден қағылғанын анықтадық. Сонымен қатар мекемелер 13 млн теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын заңсыз жұмсаған. Бұл сома құлағы нашар еститіндерге арналған. Бүгінгі күні алаяқтық деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Екеуі тоқтатылды, себебі, күдіктілер кінәларын мойындады, - дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Асхат Кокумбаев.

Ең сорақысы, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатыгездік көрсету фактілері анықталған. Санитарлар мүгедек адамдардың қолдарын бұрап, ұрып-соғуға дейін барған. 

Ғимарат ішіндегі бейнебақылау камераларындағы қатты дисктерді тәркілеп, материалдарды қарадық. Мекемелердің бірінде маман тұрғынды басқа бөлмеге алып кеткен. Ал ол бөлмеде камера орнатылмаған. Не болғанын білмейміз. Сонымен қатар, ым-шара мамандары өздеріне бекітілген мүгедектерге қызмет көрсетпеген. Бірақ, құжаттарын тапсырып отырған. Тағы бір олқылық, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге қатысты. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тамақтандыру төменгі дейгеде болған, - дейді мамандар.

Заң бұзу мүгедектерге арналған инфрақұрылымға қатысты да белгілі болды. 600 әлеуметтік нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына тосқауылдар қойылған. Пандустар мен көтергіштер талаптарға сай болмай шықты. 

Өзгелердің жаңалығы