Павлодар облысында мемлекетке 2,5 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылды

Прокуратура Ертіс ауданында жайылым жерлердің заңсыз пайдаланылғанын анықтады.

 pixabay.com 18 Шілде 2026, 12:49
18 Шілде 2026, 12:49
115
Фото: pixabay.com

Павлодар облысында прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде кадастрлық құны 18 млн теңгеден асатын, жалпы аумағы 2 531,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Прокуратураның мәліметінше, Ертіс ауданында жалпы аумағы 89 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. Талдау барысында 54 жер пайдаланушының жер заңнамасының талаптарын, оның ішінде жайылымдарға түсетін ең төменгі рұқсат етілетін жүктеме нормаларын бұзғаны белгілі болды.

Жалпы аумағы 56 мың гектардан асатын жерлерге қатысты 15 дерек бойынша материалдар Павлодар облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.

Соның нәтижесінде жер учаскелерінің бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жайылымдар Ертіс ауданының арнайы жер қорына енгізілді.

Алдағы уақытта бұл жерлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаруа және фермер қожалықтарын жүргізу үшін азаматтарға берілмек.

Наверх