Павлодар облысында ішкі істер құрылымдарында балаларға арналған 20 бөлме ашылды

15 Ақпан 2021, 11:41
1447
Бөлісу:
Павлодар облысында ішкі істер құрылымдарында балаларға арналған 20 бөлме ашылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтарды тергеу ісін жетілдіру мақсатында әр құрылымда 20 балалар бөлмесі ашылды.

Бөлмелерде жасөспірімдермен психологиялық әңгімелер мен жауап алу жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен балалар өздерін еркін сезіну үшін бөлмелер үй жағдайына сай жабдықталған. 

Облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, қазіргі уақыттта балаларға қатысты зорлық-зомбылық істерін де әйел тергеушілер жүргізеді. Сала мамандарының айтуынша, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін тергеуде әйелдердің орны бөлек. Олар балаға табиғатынан жақын, қылмыстың бетін ашуға жауапкершілікпен қарайды. Бүгінде жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық деректерін тергеумен арнайы жедел топ айналысады. Оның құрамында 18 нәзік жанды бар. 

Былтырғы жылы кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау бойынша іс қозғалды. Бұл факті бойынша ер азамат қылмыс жасағаны үшін айыпталды. Соттың үкімімен ол өмір бақи бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Бұл - облыста бұрын-соңды болмаған оқиға. Біздің жедел тобымызда 18 әйел тергеуші бар. Олар облыстың қала-аудандарында жұмыс істейді, - дейді жедел топтың жетекшісі Нұрзифа Түлүбаева. 

Өткен жылы балаларға қатысты 136 қылмыс тіркелген. Былтырғы қаңтар айында 12 дерек, ал биылғы жылдың алғашқы айында алты факті тіркелді. Қазіргі уақытта полиция құрылымдарында 200-ге жуық тергеуші жұмыс істесе, олардың 80-нен астамы - әйел.

Өзгелердің жаңалығы