Павлодар облысында екі мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды

5 Мамыр 2023, 13:15
709
Бөлісу:
Павлодар облысында екі мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды
Фото: BAQ.KZ

Ертіс өңірінде балаларды қызылшаға қарсы иммундау шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыста сәуірдің соңғы аптасында еуропалық иммундау апталығы өтті. Жыл сайынғы шара шеңберінде жұқпалы ауруларға қарсы тұру мақсатында ұжымдық иммунитет қалыпастыруға бағытталған шаралар қолға алынады.

Елімізде қызылша жұқтыру бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Республикада зертханалық деңгейде 272 жағдай тіркелді. Ал облыста бір дерек анықталды. Жұқпалы ауруға бір жасар бала шалдықты. Өңірде вакцина алмаған 3476 бала бар, оның ішінде 2700-ден астам балада екпе туралы мәліметтер жоқ немесе мүлдем алмаған болып шықты. Сонымен қатар, 760-сы иммундаудан бас тартқандар, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.

Екпе алу науқаны басталғалы екі мыңнан астам кәмелетке толмағандар иммундау шараларынан өтті. Мамандардың айтуынша, ата-аналардың балаларына екпе салдыртпаудың бірнеше себебі бар. Олардың қатарында – діни көзқарастардың қарама-қайшылығы, интернеттегі жағымсыз әрі жалған ақпарат.

Иммундау апталығы аясында жоспарлы шаралар қолға алынды. Халықпен кездесу, ақпараттандыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары мен ауруларды алдын алу бойынша акциялар мен иммунологиялық комиссиясының отырыстары өткізілді. Басты мақсат – екпе алудан бас тартқан ата-аналарға шынайы ақпарат беру, - дейді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Өзгелердің жаңалығы