Павлодар облысында бетперде өндірісі екі есе ұлғаяды

27 Қазан 2020, 17:44
1558
Бөлісу:
Павлодар облысында бетперде өндірісі екі есе ұлғаяды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі бір реттік медициналық бұйым өндіретін зауыт қуаттылығын екі есе арттырмақ. Қазіргі уақытта бірнеше цехтың құрылысы жүргізілуде. 

Зауыттың бас директоры Марат Махановтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. 

Бүгінгі таңда біз бірреттік бетперде, медициналық бетперделер мен өзге медициналық өнімдерді шығарамыз. Штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Ал коронавирустық инфекцияның алғашқы толқынында тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істедік. Күніне 6 мың дана маска тіктік. Қазіргі уақытта ішкі нарық толық қамтылды. Сұраныс операцияларға қажет бір реттік медициналық киімге артуда. Бір ауысымда екі мыңдай дана тігіліп, жергілікті емханаларға жөнелтіліп тұрады, - дейді Марат Маханов. 

Кәсіпорынның тұтынушылары қатарында Алматы, Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстары бар. Нұр-Сұлтандық емханалар да сапалы өніммен қамтылуда. Ал қазіргі уақытта шығарылып жатқан маскалар қоймаларға жеткізілуде. Сұраныс артқан жағдайда, кәсіпорын тәуліктік жұмыс режиміне көшуге дайын. 

Айта кетейік, Павлодар облысында инфекцияның екінші толқынына дайындық бойынша медициналық ұйымдарға арналған шаралар жоспары бекітілді. Кешенді шаралар аясында төсек-орын қоры бес есе артты. Ал дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш заттарының 45 күндік қоры әзірленген.

Өзгелердің жаңалығы