Павлодар облысында әйелдерге қарсы 31 ауыр қылмыс жасалған

4 Маусым 2023, 18:47
721
Бөлісу:
Павлодар облысында әйелдерге қарсы 31 ауыр қылмыс жасалған

Бір айдан соң Әкімшілік кодекске отбасылық-тұрмыстық заңбұзуға қатысты өзгертудер енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ертіс өңірінің полицейлері жаңашылдықтар аясында қандай жұмыстар атқарылатыны туралы айтып берді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында әйелдерге қарсы 31 ауыр қылмыс жасалған. Нақтырақ айтқанда, зорлау, өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмыстары бар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы тізімге енгізілген тұлғалар арасында алдын алу шаралары жүргізіледі. Бұл азаматтар құқықбұзуды бірнеше рет қайталауға жақын тұрады. Олардың тұрғылықты жері үнемі тексеріліп отырады. Қылмыстардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері екі мыңнан астам қорғау туралы нұсқама шығарылды. 200-ден астам азаматқа талаптар қойылды. Оның ішінде ішімдік ішпеу талабы бар. Сонымен қатар 150-ден астам павлодарлық ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді, - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Мамандар әкімшілік кодекске енгізілетін өзгертулер негізінде қолға алынатын жұмыстар туралы да хабарлады.

Бұған дейін отбасылық-тұрмыстық қылмыстар бойынша істер тек шағым бойынша қозғалатын болса, енді тергеу амалдарын бастауға куәгерлердің түсінігі жетіклікті. Куәгерлердің қатарына көршілер, ата-аналар, туыстар жатқызылуы мүмкін. Әдетте қорғау нұсқамалары шығарылған соң зардап шеккен азамат райынан қайтып, шағым жазудан бас тартып отырады. Сонымен қатар екі тарап татуласып жатады. Енді жаңашылдық аясында қайтадан татуласыға мүмкіндік берілмейді. Мәселен, жыл басынан бері 700-ден астам әкімшілік іс сотқа жолданса, олардың жартысы татуласуға байланысты тоқтатылды. Енді заң бойынша татуласуға бір мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар қамауға алу мерзімі бойынша өзгеріс болады. Мәселен, заңбұзушы әйелге екінші рет қол көтерсе, 15-20 тәулікке қамауға алынады. Денсаулығына жеңіл зиян келтірсе – 15 тәулікке, бұл әрекетті қайталаса, 25 тәулікке арнайы қабылдағыш-абақтыға тоғытылады, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Айта кетейік, облыста тұрмыстық зорлықтан зардап шеккендерге арналған орталық бар. Бүгінде мекемеде 59 адам тұрады. 20 әйел мен 39 балаға физикалық және эмоциялық зорлық көрсетілген. Шұғыл желіге 40-тан астам қоңырау түскен. Әр жағдай бойынша тиісті шара қолға алынды.

Өзгелердің жаңалығы