Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің жұмысы жанданады

2 Сәуір 2021, 18:19
1581
Бөлісу:
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің жұмысы жанданады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталғандықтан, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуге рұқсат етілді.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің айтуынша, өңірде бірқатар шектеу жеңілдетілді.

Сонымен қатар жерлеу рәсімдерін өткізуге рұқсат етілді. Бірақ ғимарат 30%-ға ғана толуы шарт, яғни, 50 адамнан аспауы тиіс. Әзірге караоке, компьютерлік, қорқор және түнгі клубтардың жұмысын іске қосуға рұқсат етілген жоқ. Бұл тұрғыда бетперде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау режимі сақталады, - дейді Батырбек Әлиев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Көшербаевтың хабарлауынша, жәрмеңкелер бұрынғы орындарында өткізіледі.

Демалыс күндердегі сауда-саттыққа Ақтоғай, Ертіс, Павлодар және Успен аудандарының шаруалары қатысады. Сонымен қатар «Қызылжар» және Шарбақты құс фабрикаларының өнімдері сатылмақ. Бас-аяғы 60-тан астам шрауашылық нысанының өкілі келеді. Жылқы, сиыр еті көптеп әкелінеді. 50 мың дана жұмыртқа, үш мың тоннадан астам құс еті, шамамен алты тонна сүт саудаланады. Сонымен қатар картоп, сәбіз бен қызылша да саудаға шығарылады. Азық-түлік бағасы нарықтағыдан арзан. Мәселен сиыр етінің келісі - 1300-1700, қой етінің келісі 1400-1600, жылқы етінің бағасы 1800-2000 теңге тұрады, - дейді Төлеген Көшербаев.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың матрицасына сәйкес Павлодар облысы «сары» аймаққа енген. Енді ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері сенбі сайын қалалар мен аудандарда ұйымдастырылатын болады. 


Өзгелердің жаңалығы