Павлодар облысында әлеуметтік қанттың жарты жылдық қоры бар

14 Наурыз 2022, 18:47
1507
Бөлісу:
Павлодар облысында әлеуметтік қанттың жарты жылдық қоры бар
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қант төңірегіндегі жағдай тұрақталды. Бірнеше күн бұрын бөлшек сауда нүктелеріндегі өнім бағасы келісіне 400 теңгеге жеткені тіркелді.

Қазіргі уақытта «Павлодар» тұрақтандыру қорында қанттың мың тоннасы сақтаулы. Тағы 900 тоннасы Тараз зауытынан келе жатыр.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Доғаловтың айтуынша, өңірде қант төңірегіндегі дүрбелеңнің орын алуының екі себебі бар. Біріншісі - ресейлік өнімді өзге мемлекеттерге тасымалдауға шектеу қойылуы. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Екіншісі - әлеуметтік желілердегі бейнероликтер. Көптеп тараған видеоматериалды көрген халық, жаппай қант сатып алуға кіріскен. Кері жарнаманың әсерінен қантқа деген сұраныс айтарлықтай артты. Дегенмен, ішкі нарықта тәтті азық айналасындағы жағдай тұрақты. 

«Павлодар» әлеуметтік-тұрақтандыру қорынан қант алу бойынша күніне 100-ге жуық өтініш түседі. Облыс бойынша 200-ге жуық әлеуметтік дүкен мен сауда нүктесі болса, қант өтініш бойынша үздіксіз жеткізіледі. Дүкендер 15%-дық үстеме қосады. 

Қанттың бір келісі қоймадан 240 теңгеден босатылады. Ал дүкендерде 264 теңгеден босатылып жатыр. Нарықта тапшылық жоқ. Облыс халқы бір жылда 12 мың тонна қант тұтынады. Бұл сұранысты толық өтеуге қауқарымыз бар. Баға бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта қорымызда жарты жылға жететін өнім сақтаулы. Қажет болса, Тараз қант зауытымен келісімшартқа отыруға мүмкіндік бар. Дегенмен, баға жағын комиссия қарастырып, өзгертуі мүмкін. Бұл зауыттың босату бағасына байланысты болмақ. Қанттың алғашқы легін 290 теңгеден алынды. Яғни, әлеуметтік-тұрақтандыру қоры 50 теңгеге шығынға баттық. Ал соңғы 900 тонна 315 теңгеден сатып алынды. Шығын - 75 теңге, - дейді Талғат Доғалов. 

Айта кетейік, соңғы уақытта бөлшек саудадағы қанттың келісі 350-400 теңгеден саудаланған. Дүкен сөрелерінде қымбат өнімді де табу қиындаған. Бұл көпшіліктің ашу-ызасын тудырды.  Сала мамандары облыста қант тапшылығы болмайды деп сендірді. Қап-қаптап сатып алудың қажеті жоқ. Қордағы өнім көлемі жеткілікті. Бұған қарамастан, шекерді көптеп сатып алып жатқандар да бар.

Өзгелердің жаңалығы