Павлодар облысында әлеуметтік нысандарды салуға 40 млрд теңге бөлінді

14 Маусым 2024, 20:44
352
Бөлісу:
Павлодар облысында әлеуметтік нысандарды салуға 40 млрд теңге бөлінді
Фото: Арман Мухатов - архив

Ертіс өңірінде әлеуметтік нысандарды салуға 41,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта қалалар мен аудандарда құрылыс жұмыстары қызу, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасы бойынша он ғимарат бой көтеруде.

Айта кетейік, аймақта «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша  денсаулық сақтау мекемелердің медициналық жабдықтарын жаңартуға және күрделі жөндеу жүргізуге шамамен 16 млрд. теңге бөлінді. Санитарлық көліктер паркі 84%-ға жаңартылды

Бұл игілікке 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспардан ауытқушылық жоқ. Ғимараттардың барлығы осы жылдың үшінші тоқсанында қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, тағы 18 жаңа жоба бойынша сараптама жүргізіліп, оң нәтиже алынды. Бюджеттік өтініш жасалып, денсаулық сақтау министрлігіне жолданды. Үстіміздегі жылдың маусым айының соңына дейін қалалық ауруханының алты ота жасау блогы мен жеті қабатты корпусы пайдалануға беріледі. Осы күнге дейін 3 млрд теңге жұмсалып, медициналық құрал-жабдықтар әкелінді, - дейді басқарма басшысы.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Павлодар қаласында екі білім беру ошағы салынып жатыр. Екі мектеп 1600 орынға шақталған. Мердігер ұйымдар құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтамақ.

16 спорт объектісінің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, облыс орталығында ұлттық ат спорт түрлері стадионы бой көтеріп жатыр. Шаңғы жарысы мен биатлон спорт залы бойынша да жұмыстар кестеге сай.  Сонымен қатар, Баянауыл, Успенка, Аққулы аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынуда, - дейді Қадылжан Сәтиев. 

Өзгелердің жаңалығы