Павлодар облысында аграрлық колледждерге субсидия беру ұсынылды

26 Қараша 2022, 13:48
878
Бөлісу:
Павлодар облысында аграрлық колледждерге субсидия беру ұсынылды

Мамандардың пікірінше, бұл олардың беделін арттыра түседі, деп хабарлайды  BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінде «Аграрлық білім, ғылым және өндіріс» тақырыбында ғылыми-әдістемелік ауыл шаруашылығы семинары өткізілді. Оған шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілер қатысты. Семинар мерейтойлық датаға арналды: 2022 жылы оқу орны өзінің 55 жылдығын атап өтеді.

 «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі  өткен жылы республикалық іріктеу кезеңінен өтіп, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша «Жас маман» жобасына қатысу үшін оқу орындарының тізіміне енді. Бұл оқу-материалдық базаны 314,9 млн теңгеге жаңғыртуға және 24 позиция бойынша заманауи «AgroErtis» құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік берді.

Сатып алынған жабдықта практикалық оқытумен 247 адам қамтылады, – деді колледж басшысы Айгүл Байжұманова. – Екінші курс студенттері тренажер-имитаторларда жүк автомобильдерін, аспалы және тіркеме құрылғылары бар тракторларды жүргізуді үйренеді.

Үшінші курс студенттері стартер мен генератордың, жоғары қысымды жанармай сорғысының ақауларын анықтауды меңгерсе, түлектер нақты уақыт режимінде  John Deere, Lovol, КамАЗ сияқты техникамен колледждің тәжірибелік алаңдарында ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізеді.

Семинар барысында ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы Ержан Жұманов болашақта аграрлық колледждерді субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, өйткені оларда ұжымдар ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын оқу шаруашылықтары бар.

«Ertis» колледжі – басқа аграрлық колледждер арасында көшбасшы, – деп атап өтті кәсіпкерлер палатасының өкілі Әлия Түсіпбекова. – Онда агрономдар мен ветеринарларды дуальды оқыту бойынша жүзден астам келісімшарт бар, ал олардың жұмысқа орналасу деңгейі 100% құрайды.

Семинарға қатысушылар Торайғыров университеті «Агротехнология» кафедрасының меңгерушісі Жастілек Уахитовтың баяндамасынан көп ақпарат алды. Спикер «Ertis» колледжі базасында педагогтар арасында кәсіби шеберлік конкурсын өткізуді ұсынды.

Колледжде өңірлік команданы және Worldskills Қазақстан республикалық құрамасының мүшелерін даярлау үшін жаттығу инфрақұрылымы бар құзыреттер орталығы құрылды.

Осы жылдың сәуір айында алғаш рет «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу» құзыреттілігі бойынша WorldSkills Pavlodar-2022 өңірлік байқауы өтті, оған облыстың жеті аграрлық колледжінің студенттері қатысты. Байқау жеңімпазы – «Ertis» колледжінің студенті Виталий Шаховский 2023 жылы ақпанда WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатында  Павлодар облысының намысын қорғайды. 

Өзгелердің жаңалығы