Павлодар облысында 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы бекітілді

4 Наурыз 2022, 17:21
1462
Бөлісу:
Павлодар облысында 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бағдарламалық құжат өңірлік қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. 

Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуді ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев бағдарламаны «Халықтық» деген атауға лайық екенін айтты, өйткені оны құру кезінде Павлодар облысының тұрғындарынан 2,5 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Бағдарламаның негізгі бөлімдері туралы өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов айтып берді. Ол бағдарламаның басты мақсаты проблемалық мәселелерді нақты тұжырымдап, оларды шешу жолдарын әзірлеу екенін атап өтті.

Біз келіп түскен ұсыныстарға талдау жасап, оларды тұрғындармен, қоғам өкілдерімен және бизнес-қоғамдастықпен талқыладық. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша төрт мақсатты индикатор анықталды, - деді әкім. 

 Біріншіден, өңірде 21 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл облыстағы жұмыссыздық деңгейін 4,8% шегінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Әбілқайыр Сқақов бағдарламаның басты міндеті NEET жастарын белсенді қолдау шараларымен қамту екендігін айтты. Оның сөзінше  қаңтардағы митингтер бұл жастардың өз проблемаларымен жалғыз қалғанын көрсетті.

Біз қаңтар митингісіне қатысушыларды стратегиялық сессияға шақырып,  қызу пікірталастар өткіздік. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар жобалар әзірленді, - деді аймақ басшысы. 

«Өзіңді тап» жобасы бойынша кәсіптік бағдар беру курстарымен 4,5 мың колледж студенттерін қамту жоспарлануда. Колледждер базасында «Бір терезе» қағидаты бойынша 15 орталық құрылатын болады. Мұнда бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді Орталықтарда жастар кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша қысқа мерзімді курстардан өтеді. Сонымен қатар, жастар үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарда тағылымдамалар ұйымдастырады. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстар, сондай-ақ шығармашылық орталықтар құру арқылы да жұмыспен қамту деңгейін арттыру жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған балалар жылы аясында бағдарламаға жекелеген әлеуметтік санаттарды қолдау шаралары енгізілді. Облыс әкімі бұл шаралармен колледждердің 112 мың оқушысы мен 16 мыңнан астам колледж студенттері қамтылатынын атап өтті.

Ыстық тамақ сапасын жақсарту мақсатында мектептегі түскі ас құны 315 теңгеден 450 теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ, барлық оқушылар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жол жүруді ұйымдастыруға қаражат бөлінді, - деді өңір басшысы. 

Балаларды спорттық және шығармашылық тапсырыспен қамту 18 мың адамға дейін артады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Павлодар оқу-өндірістік комбинатының базасында оқушыларды кәсіптік бағдарлау бойынша пилоттық жобалар іске асырылатын болады. 

Қоғамдық кеңестің мүшесі Владимир Берковский ауыл шаруашылығы басқармасын ауыл жерлерге кадрлар даярлау жүйесінің әкімшісі етіп тағайындауды ұсынды. Ол бүгінде ауылшаруашылық колледждерінде жұмысшы мамандықтары бойынша түлектер аз екенін еске салды.

Токарларға деген қажеттілік тек 75 пайызға ғана қанағаттандырылады. Сонымен қатар тракторшылар мен комбайнерлерді дайындау бойынша жұмыстар жүргізілмейді, ал, оларға деген қажеттілік 60 мыңнан астам адамды құрайды, - деді  спикер. 

Владимир Берковскийдің айтуынша, мұндай кемшілік бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға, жұмыссыздар санының артуына және жастардың ауылдан кетуіне әкеп соғады. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының басшылары тракторшыларды басқа елдерден шақыруға мәжбүр.

Әбілқайыр Сқақов қоғам белсендісінің дәлелдерімен келісті, бірақ әкімшіні ауыстырумен бұл мәселені бірден шешу мүмкін болмайтынын атап өтті. Мұнда жүйелі тәсіл мен оның шешімін кешенді іздеу қажет.

Бізде салалар мен нақты мамандықтар бойынша жеті жылдық кезеңге арналған еңбек нарығының жоспар-болжамы болуы тиіс. Колледждер дипломдарды басумен шектелмей, сапалы  мамандарды даярлауы тиіс. Оқу орындары өз түлектеріне мониторинг жүргізіп, оларды жұмысқа орналастырғанға дейін сүйемелдеуі қажет, - деді өңір басшысы. 

Қоғамдық кеңестің мүшесі Александр Вервекин экология және тұрмыстық қоқысты қайта өңдеу мәселелеріне алаңдаушылығын білдірді. Ол Павлодар облысының аумағында қоршаған орта үшін апат қаупі бар қоқыс тастайтын орындар санының артқанын атап өтті.

Қоқысты өндірген адам оны қайта өңдеуі керек. Біз дүкендерден пластик пакеттерді сатып алған кезде де қоқысты көбейтеміз. Егер біз қоқысымызды қайта өңдемесек, ластану процесін тоқтата алмаймыз, - деді Александр Вервекин. 

Облыс әкімі бұл мәселені шешу экологиялық мәдениет деңгейін арттырумен байланысты екенін атап өтті.

Ғарыштық мониторинг барысында аймақ аумағында жыл сайын үш жүзден астам иесіз қоқыс орындары табылуда. Қоқысты тастайтын өзіміз, біреу келіп жерімізді ластамайды ғой, - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Ол қалалар мен аудандардың әкімдеріне бір ай ішінде апатты қоқыстарды жоюды тапсырды, ал облыс тұрғындарын қоқысты бөлек жинауға көшуге шақырды. Ол экологиялық мәдениетті дамытуды отбасынан және қоғамдық айыптаудан бастау керек екенін атап өтті.

Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын бірауыздан бекітті. Өз кезегінде Әбілқайыр Сқақов жергілікті атқарушы органдар бағдарламаны орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендіріп, қоғамшылдарды осы құжаттың орындалуын бақылау бойынша мониторингтік топтар құруға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы