Павлодар облысында 16 елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

10 Қараша 2020, 10:10
2125
Бөлісу:
Павлодар облысында 16 елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазсушар» РММ бастамасымен Павлодар облысының Май ауданында жергілікті топтық су құбырын реконструкциялау жобасы жүзеге асты. 

Нәтижесінде 11 мың адам тұратын 16 елді мекенді  таза ауыз  сумен қамтуға мүмкіндік беретін су тазалау станциясы іске қосылды, деп хабарлайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми телеграм-каналы. 

Су құбырының ұзындығы 148, 7 шақырымды құрайды. Су көзі – жер асты сулары. Жобалық өнімділігі – тәулігіне 4150 метр куб. Жоба құны 5 млн теңгеден асады. 

Май топтық су құбырының реконструкциясы мен су тазарту станциясы іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары тек таза ауыз суға қолжеткізіп қана қойған жоқ, сонымен бірге тұрмыстық қажеттілік пен шаруашылыққа да тазартылған су пайдаланатын болды.

Айта кетейік, жергілікті халықты таза ауыз сумен қамту үшін 2018 жылы Май топтық су құбырын реконструкциялау жұмысы басталды. Реконструкциялау жобасында Ертіс өзені алқабындағы ұзындығы 148,7 км бастоғанын қалпына келтіру қарастырылған. Жобаның жүзеге асуы классикалық техникалық су тазалау технологиясымен салыстырғанда шайынды сулардың көлемін азайтуға мүмкіндік берді.

Өзгелердің жаңалығы