Павлодар облысында 1500-ден астам жігіт әскерден жалтарып жүр

3 Шілде 2023, 10:47
685
Бөлісу:
Павлодар облысында 1500-ден астам жігіт әскерден жалтарып жүр
Фото: автордан

Ертіс өңірінде көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Президенттің мерзімді әскери қызметке арналған Жарлығына сәйкес Павлодар облысы бойынша жасақ 766 адам болды.

Облыстық жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Кәрімовтің айтуынша, 766 адамның ішінде Қарулы күштерге 305 азамат шақырылды. Ұлттық ұлан құрамына 297, мемлекеттік күзет қызметіне төрт, төтенше жағдайлар министрлігінің әскеріне 30 адам және Ұлттық қауіпсіздік шекара қызметіне 58 жігіт шақырылған.

Ұлттық қауіпсіздік шекара қызметіне 151 адам шақырылуы тиіс еді. Оның себептері бар. Әскерге шақыру шекаралық нарядты орындаудан басталады. Ал әскерге шақыру жасындағы азаматтар әлі де оқу орындарында білім алып жатыр. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, әскерге шақырылушылардың физикалық және психологиялық денсаулығына қойылатын жоғары талаптардың болуы. Олар медициналық комиссиядан өту үшін өздерінің психологтары және полигрофологтарды тартады. Ал жастар басқа құрылымдарға оңай шақырылады, - дейді Қанат Кәрімов.

Сала мамандары әскерге шақыру барысында бірқатар мәселеге тап болатындарын айтты.

Біріншіден, ер азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне келмеуі және әскерге даярлықтан өтуге құлықсыздығы. Мәселен, облыс бойынша әскерден қашып жүрген 1572 адам іздестіріліп жатыр. Олардың басым бөлігі облыстың қалаларына тиесілі, - дейді Қанат Кәрімов.

Көктемгі науқанда Екібастұз қаласы, Баянауыл және Павлодар аудандарының әскери комиссиялары жоспарды толық орындаған жоқ. Айта кетейік, Отан алдындағы борыштан жалтару үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені белгілі. Әскерден қашқан азаматтарға 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін немесе бір жылға бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы