Павлодар облысында 150 жол апаты тіркелді

15 Мамыр 2023, 16:19
900
Бөлісу:
Павлодар облысында 150 жол апаты тіркелді
Фото: BAQ.KZ

Ертіс өңірінде жыл басынан бері 150 жол апаты тіркеліп, 24 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

 

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жыл басынан беру 200-ден астам жолаушы түрлі жарақат алған. Өңірде апаттарды алдын алу мен көрсеткіштерді азайту мақсатында профилактикалық шаралар қолға алынды.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің жеке тәртіптерін сақтамауы. Осы күнге дейін жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 40 мыңнан астам дерек тіркеліп отыр. Әкімшілік заңбұзушылықтар апаттардың орын алуына себепкер болуы мүмкін. Өткен жылы мас күйінде 435 жүргізуші ұсталса, биылғы жылдың бірнеше айындағы көрсеткіш – 460 адам. Бағдаршамның қызыл түсін елемей жүре беретін көлік иелері азаяр емес. Осы күнге дейін 900-ден астам павлодарлық жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілер де заңды көп бұзады, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында республикалық маңыздағы жолдардың бойында орналасқан елді мекендердің жанында және «Павлодар-Омбы», «Павлодар-ШҚО» және «Павлодар-РФ» шекарасы бағытындағы жолдарда жүргізушілердің назарын аудару үшін стробоскоптар орнатылды. Сонымен қатар, шаһарларда проекциялық жаяу жүргінші өту белгілері орнатылады. Себебі, дәл осы аумақтарда апаттар жиі тіркеледі. Облыс бойынша 185 бағдаршам болса, қосымша 16 нысан іске қосылған.

Сонымен қатар, облыста шамамен 9000 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған, қала қиылыстары мен желілік учаскелік жолдарда жол қауіпсіздігін бақылау бойынша 500 жүйе орнатылады.

Өзгелердің жаңалығы