Павлодар облысында 1429 адам пробациялық бақылауға алынған

9 Ақпан 2023, 18:16
1112
Бөлісу:
Павлодар облысында 1429 адам пробациялық бақылауға алынған
Фото: автордан

Ертіс өңірінде 1429 адам пробациялық бақылауға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодардағы тілшісі. 

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары бақылауда тұрғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Мәселен, Павлодар аудандық пробация қызметінің мамандары көпбалалы әкеге қайта әлеуметтенуге қолғабыс жасады.

Мамандардың айтуынша, төрт баланың әкесі Атымтай Шотбаев жазасын өтеу барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласында еңбек етуде.

Әдетте қоғамымық пробациядағы адамдарды қылмыскер деп есептейді. Бірақ, ол солай емес. Арасында қалыпты тіршілік етіп, жұмыс істегісі келетіндер көп. Бүгінгі күні Павлодар ауданында пробациялық есепте 40 сотталушы тұр. Олардың басым бөлігі қылмысты алғаш рет жасағандар. Олармен психологиялық жұмыс жасалса, қоғамға қайта сіңісіп кетеді. Көбі жұмысқа кірісіп кетеді, - дейді Павлодар аудандық пробация қызметінің бастығы Дамир Жаңабеков.

Әлеуметтік-құқықтық көмек шеңберінде Шотбаевтар отбасына қайтарымсыз грант ұсынылды. Отбасы 1 млн. 200 мың теңгеге төрт бас сиыр сатып алды. Сәуір айында барлығы төлдейді деп күтілуде. Болашақта сүт, май сатып, нәпақа табуға ниет бар. 

Төрт баламды асырау керек. Өзім шаруашылықта жұмыс істеймін. Жолдасым – үй шаруасында. Биыл «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша үйлі болдық. Бізге төрт бөлмелі баспана ұсынылды. Тұрын үй кезегінде тұрған едік. Себебі, бұрынғы жер үйіміз апатты деп танылды. Уақыт өте келе үйімізді жекешелендіріп аламыз, - дейді Атымтай Шотбаев. 

Салалық мекеме өкілдерінің айтуынша, осы тектес мысалдар жеткілікті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек. 

Өзгелердің жаңалығы