Павлодар облысынан Қостанай өңіріне гуманитарлық көмек жөнелтілді

5 Қыркүйек 2022, 10:50
1420
Бөлісу:
Павлодар облысынан Қостанай өңіріне гуманитарлық көмек жөнелтілді
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар облысынан Тобыл өңіріне гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді. Аймақ тұрғындары бір күннің ішінде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктің 10 тоннасын жинады, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Amanat партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» қанатының төрайымы Санира Жүсіпованың айтуынша, әлеуметтік желіде гуманитарлық көмек туралы хабарлама жарияланған бетте қарапайым халықтан қоңыраулар түсе бастаған. 

Павлодар облысынан Қостанай өңіріне гуманитарлық көмек жөнелтілді

Біз Қостанай облысындағы төтенше жағдайдан тыс қала алмадық. Халық болып көмек жинай бастадық. Осы күнге дейін электр құралдары, төсек-орын, азық-түлікті тонналап жинадық. Жергілікті шаруалар қырыққабат, картоп әкеліп берді. Жастар белсенділері келіп, керек-жарақтарды көліктерге тиеп жатыр. Шұғыл желінің номеріне күніне жүздеген қоңырау түсіп жатыр. Қазіргі уақытта біздің қолдауымыз керек. Барынша көмектесуге тырысамыз, - дейді Санира Жүсіпова.

Гуманитарлық көмек жинауға атсылысып отырғандардың ішінде ауыл халқы да көп.

Шарбақты ауданы Шалдай ауылдық округінің әкімі Марат Тәжімовтың айтуынша, ауылдықтар бірнеше сағаттың ішінде керек деген заттарды жинап берді. 

Павлодар облысынан Қостанай өңіріне гуманитарлық көмек жөнелтілді

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ауылдастарым азық-түлік, ыдыс-аяқ, киім-кешек жинап берді. Шалдай ауылдық округінде 2500-ден астам халық бар. Тұрғындар ұйымшыл. Содан болар, бір адамдай жиналып қалдық. Гуманитарлық көмекті партияның филиалына әкеліп бердік, - дейді Марат Тәжімов. 

Айта кетейік, облыстың белсенді жастары гуманитарлық көмектен бөлек, өрттен зардап шеккен азаматтарға қолғабыс жасауға ниетті. Көмек қолы қажет болса, қираған ғимараттарды қалыпқа келтіруге атсалыспақ. Алдағы уақытта облыстан құрылыс заттарының бір легі де жөнелтілмек.

Өзгелердің жаңалығы