Павлодар облысы тұрғындарының басым бөлігінде электронды денсаулық төлқұжаты бар

16 Мамыр 2023, 18:15
863
Бөлісу:
Павлодар облысы тұрғындарының басым бөлігінде электронды денсаулық төлқұжаты бар
Фото: автордан

Ертіс өңірінде цифрлық технологиялардың көмегімен медициналық қызмет сапасын арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Осы күнге дейін 728 мыңнан астам электронды денсаулық төлқұжаты жасалған.

Бір сөзбен айтқанда, облыс халқының 96,5%-ы электронды төлқұжатпен қамтылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, аймақтағы медицина ұйымдарының алты мыңнан астам жұмыс орны компьютерлік техникамен қамтылған.

Біздің мақсат – мобильді денсаулық сақтау бағытын дамыту. Бұл тұрғындар үшін ыңғайлы. Бүгінгі күнге дейін 200 мыңға жуық павлодарлық мобильді қосымшаларды пайдаланады. Тұрғындардың белсенділігі артып келеді. Мәселен, үш ай ішінде көрсетілген 2 миллионнан астам медициналық қызмет электронды форматта көрсетілген. Халық ішінде дәрігерді үйге шақыру, емханаларға тіркелу сияқты қызметтер жоғары сұранысқа ие, - дейді Айгүл Мұқышева.

Емханалық қызметтерде электронды рецепттер беру жүйесі енгізілген. Сонымен қатар  диагностикалық зерттеулерді сандық форматқа ауыстырып, электронды төлқұжатта сақтауға мүмкіндік беретін PACS енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл жүйе бойынша 22 медициналық мекеме жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін «Дамумед» мобильді қосымшасына қатысты шағымдар түсіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, жеке кабинеттерде іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтер пайда болған. Биыл сәуір айына дейін МӘМС қорына 300-ге жуық шағым түскен. Мамандар әр өтініш бойынша тексеріс жүргізіп, олқылықтарды жойылып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы