Павлодар облысы халқының жартысы жүйелі түрде спортпен шұғылданады

28 Маусым 2022, 18:22
1645
Бөлісу:
Павлодар облысы халқының жартысы жүйелі түрде спортпен шұғылданады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің елді мекендерінде бұқаралық спорт орталықтары іске кіріседі. Басты мақсат – ересек азаматтарды жүйелі спортпен айналысуға ынталандыру. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, жаңа орталықтар ашылған соң ауылдарда 180 жұмыс орны ашылады.

Спорт нұсқаушылары жергілікті деңгейдегі спорт шараларын ұйымдастыруға жауапты болады. Күнделікті негізде жаттығу шараларын өткізеді. Сонымен қатар, орталық жұмысы негізінде оқу-тәжірибелік және әдістемелік жұмыс жүргізіледі. 18 жастан асқан кез келген ауыл азаматы спортпен шұғылдана алады. Мамандардың жалақысы 70-140 мың теңге аралығында болады, - дейді Нұрлан Есембаев. 

Қолға алынған шаралардың арқасында мақсатты топтағы адамдардың санын 40%-ға арттыруға мүмкіндік туады. Әсіресе, ауыл жастарын спортқа тартамыз. Осылайша  2025 жылға қарай облыс халқының тең жартысы бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады деген жоспар бар. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта ауыл халқы ішінде спорттық шараларды 90-ға жуық нұсқаушы-әдіскер ұйымдастырып келеді. Олардың жалақысы 20-80 мың теңге аралығында болған. Ал орталық жанындағы мамандардың айлығы едәуір артады. Орталықтың жұмысын жүргізуге облыстық бюджеттен осы жылдың алты айына 179 млн  теңге қарастырылған. Жалпы  облыста спорттық инфрақұрылымға баса назар аударылған. Биыл жеті ірі спорт нысаны, 13 шағын футбол алаңы мен 63 алаң бой көтермек. 

Өзгелердің жаңалығы