Бүгін облыс әкімдігінде әлеуметтік-экономикалық даму, 2024 жылдың 1 тоқсанындағы облыс бюджетінің орындалуы, сондай-ақ, өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және көктемгі дала жұмыстарына дайындық қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады. Павлодар облысы 3 айдың қорытындысы бойынша барлық макро көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім көрсетіп, республика бойынша көшбасында тұр.
Көптеген бағыттар бойынша іскерлік белсенділік индексінің өсімі байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,8% деңгейінде тіркелді. Өнеркәсіп өндірісінің өсімін сипаттайтын нақты көлем индексі 106,1 құрады.
Өңір экономикасына өсім қарқыны – 118,6% болатын 139 млрд. теңге инвестиция тартылды. 7 негізгі макро көрсеткіштер: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жеке инвестициялар, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, көлік және сауда бойынша облыс ел өңірлері арасында көш бастады.
Қорытындылар көрсеткендей, 1 тоқсанның қорытындысы бойынша біздің өңір 7-ші орыннан 1-ші орынға көтерілді. Жылдың басы жақсы басталды. Бірақ, бұл бақылауды төмендетуге себеп емес. Біз осы қарқынды сақтауымыз керек. Барлығымыздан үйлесімді жұмыс талап етіледі, - деп атап өтті облыс әкімі.
Облыстар бөлінісінде бюджеттің атқарылу көрсеткіштері бойынша да біздің облыс 1 орында. Жоспар бойынша 105,18 млрд. теңгені құрайтын облыс бюджетінің 105,15 млрд. теңгесі игеріліп, 100% құрады.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыс бойынша жоспардан (26,6 мың жұмыс орны) 7,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды немесе 27,7%. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға артық.
Асайын Байханов жобаларға жұмысқа орналасқандардың барлығында толық көлемде электрондық - еңбек шарттары және міндетті зейнетақы төлемдері жоқ екеніне назар аударды.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жарты жылдың қорытындысы бойынша «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жоспарлы көрсеткішінің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды – жоспардан кемінде 45%.
Сондай-ақ, өңір басшысы көктемгі егіс жұмыстарына сапалы дайындық қажеттігін де еске салды.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 1 657,3 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,3 мың гектарға артық. Егіс алқабына 168,8 мың тонна тұқым себілді, техниканың дайындығы 98% құрайды, 25,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 1 тоннаның бағасы - литріне 237 теңге, бұл нарықтағы бағадан 58 теңгеге арзан.
Өткен жылғы құрғақшылық фермерлердің қаржылық жағдайына әсер етпей қоймады. Осыған байланысты, көктемгі егіс жұмыстары қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігімен қаржылық қолдау шараларының 2 пакеті қарастырылған. Қолданыстағы субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен сыйақы мөлшерлемелерін арзандату үшін 7,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қарыз алушы үшін нарықтық мөлшерлемені 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Өткен жылғы ауыл шаруашылығы маусымының қорытындылары бойынша аграршылардың қаржылық жағдайын шешу мақсатында және төлем қабілеттілігі жөніндегі өлшемшарттардың өтуін қамтамасыз ету үшін «Даму КДҚ» АҚ желісі бойынша кепілдік беру тетіктері іске қосылатын болады. Сондай-ақ, тыңайтқыш өндірушілермен әкімдіктердің кепілдігімен тұрақты өндірістік көрсеткіштері бар фермерлерге бөліп төлеу мәселесі пысықталды.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Үкіметтің 26 наурыздағы отырысының қорытындысы бойынша 8 сәуірден бастап көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынына қосымша өтінімдер қабылданады. Өтінімдерді қабылдау GosAgro.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.