Павлодар мен Омбы арасындағы байланыс нығая түспек

11 Қазан 2019, 22:28
1701
Бөлісу:
Павлодар мен Омбы арасындағы байланыс нығая түспек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Омбы қаласындағы жұмыс сапары кезінде аймақ губернаторы Александр Бурковпен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Болат Бақауов бастаған павлодарлық делегация Омбыға жаңа іскери байланыстар орнату үшін келді. Ресми кездесу барысында облыс әкімі өзінің омбылық әріптесімен кездесті. Тараптар екі жақты әріптестік мәселелерін талқылап, күрделі сұрақтарды 6-7 қараша күндері Омбыда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының күн тәртібіне шығаруды ұсынды.

«Біз бірнеше жыл бойы Ертіс өзенінің арнасын тереңдету мәселесін көтеріп келеміз. Егер өткен жылы біз өзен жолы арқылы 120 мың тонна жүк жөнелтсек, биыл бұл көрсеткіш 200 мың тоннаны құрады. Жүк тасымалы Ертіс өз арнасына толған кезде ғана жүргізіледі. Өзеннің жұмыс учаскесіндегі нақты тереңдік - 135 сантиметр. Бұл навигациялық кезеңде жүк сыйымдылығы мың тоннаға дейін жететін кемелердің өтуіне мүмкіндік береді. Екі жыл бұрын біз Тюмень облысымен өзен жолы арқылы қиыршық тас жеткізу туралы меморандумға қол қойып, әріптестерге тиісті кен орнын да берген едік. Алайда, Ертіс өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарының кешеуілдеуіне байланысты қиындықтар туындап тұр», - деді Павлодар облысының әкімі.

Екі арадағы тауар айналымды тежеп тұрған тағы бір мәселе маусымдық кезеңдерде кеден бекеттеріндегі көлік кептелістерін айтуға болады. Сонымен қатар, Павлодар мен Омбы арасында тұрақты авиабайланыс іске қосылған жоқ. Қос облыс орталығын жалғайтын әуе байланысы мемлекеттік шекарадағы жолаушылар айналымын азайтып, туризмнің дамуына оң әсер етер еді.

«Мәскеу мен Новосібірге ұшып барамыз, ал, Омбыға ұшақ қатынамайды. Мүмкін, кіші авиация ұшақтарын жіберуді қолға алу керек шығар? Жазғы кезеңде мұндай әуе рейсі екі өңірдің де тұрғындарының қызығушылығын тудырар еді деп сенемін», - деді Болат Бақауов.

Александр Бурков өзінің павлодарлық әріптесімен келісетінін айтып, өз тараптарынан павлодарлықтармен барлық сала бойынша әріптестікке дайын екендіктерін жеткізді.

«Біздің өңірлер әрдайым достық қатынаста болып, екі арадағы сауда-экономикалық байланыстар жоғары деңгейде қалыптасқан еді, - деді Омбы облысының губернаторы. – Осы жылдың ақпан айында біздің делегацияның Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарынан кейін біз білім беру және мәдениет саласындағы байланысымызды одан сайын нығайта түстік. Жан-жақты байланыстар одан сайын беки түседі деп ойлаймын», - деді Болат Бақауов.

Омбыға жасаған жұмыс сапары кезінде павлодарлық делегация Павлодар обысының инвестициялық әлеуетін таныстырады. Аймақ басшысы Болат Бақауов Омбы облысының шағын және орта бизнес өкілдерімен, ірі кәсіпорындарымен G2B - «government-to-bussiness» форматында бірқатар кездесулер өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы