Павлодарлық хирург 10 мыңнан астам ота жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтаған

16 Маусым 2019, 11:42
2829
Бөлісу:
Павлодарлық хирург 10 мыңнан астам ота жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтаған
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда көмекке келетін абзал жандар бүгін халықтың алғысын алуда. Құрметке бөленгендердің қатарында 50 жылдық тәжірибесі бар павлодарлық Зинаида Раздорская бар.

Хирург, акушер-гинеколог, травматолог, фельдшер, узист, медбике. Павлодар облысының Ертіс ауданында тұратын ақ халатты абзал жан жарты ғасыр ішінде бұл мамандықтарды жетік меңгеріп алды.

Зинаида Николаевна – Қостанай облысының тумасы. Семей медицина институтын тәмамдағаннан соң Ертіс ауданының орталық ауруханасына жолдамамен келген. Сол кезден бері ауылда тынымсыз еңбек етіп, бүгінде сексеннің сеңгіріне жетсе де, операция жасап келеді.

Павлодарлық хирург 10 мыңнан астам ота жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтаған

«Медбике кезімде ұстазым «Зина, сен хирург болуың керек, қолыңнан келеді» деп айтқаны есімде. Кейін күрделі мамандықты игеруді шештім. Еш өкінбеймін. Адамдарға көмектесу өмірлік мақсатыма айналды», - дейді хирург.

Осы күндері оның хирургия саласына аяқ басқанына 50 жыл толды. Осы уақыт аралығында маман 10 мыңнан астам операция жасап, мыңдаған адамды өлімнен сақтады. Осылайша, ол аймақтағы алғашқы хирург-әйелдердің біріне айналды.

«Оталар өте көп болды. Адамның бассүйегінен оқ алып, адамның жүрегін тіккен кездер болды. Сырқаттар өлім мен өмірдің ортасында келгенде суыққанды болып, шұғыл шешім қабылдаған сәттер көп болды. Бәріне төтеп беруге тырыстық. Әрине, ол кезде ауруханамыздың матиралдық-техикалық жағдайын бүгінгімен салыстыруға келмес. Жас кезімде бізге білім мен тәжірибе берген әпке-ағаларымнан оқуға сұранғанда, бетімді қайтармайтын. Кез келген қалаға барып, білімімді молайтуға жол ашық болды. Сол үшін алғысым шексіз», - дейді жоғары санатты хирург.

Зинаида Раздорскаяның ұлы Владимир анасының жолын қуып, медицина ғылымдарының докторы атағына ие. Ал жары Виктор Николевич аудандағы танымал агроном-тұқым өсіруші екен. Бүгін Зинаида Раздорскай облыстық «Алтын скальпель» атағына ие болып, мыңдаған халықтың алғысына бөленді.

Өзгелердің жаңалығы