«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында биыл жеті кәсіпорын іске қосылады

7 Тамыз 2019, 06:40
1602
Бөлісу:
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында биыл жеті кәсіпорын іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Болат Бақауов «Павлодар» арнайы экономикалық аймаққа барып, ол жерде индустриялық жобалардың жүзеге асырылу жайымен танысты, деп хабарлады pavlodarnews.kz.


«Павлодар» АЭА басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, бүгінде арнайы экономикалық аймақта 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың жетеуі биыл іске қосылады.

"Проблемалық жобалардың бірі түрік инвесторлары орындауға кіріскен фольга өндіру бойынша Kazfoil жобасы. Олар мерзімнен кешігуде", - дейді Айбек Тұрсынғалиев.

Түрік өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесі қарастырылуда. Сонымен бірге, олардың орнын басатын дәл сондай өнім шығаратын компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

Жоспардан сәл кешіксе де, уақтылы бой көтеретін кәсіпорындардың бірі – «ЕртісНефтесервис» ЖШС. Компания директоры Амангелді Шәріповтің айтуынша, кәсіпорын жылына 2,5 мың тонна дизельдік жанармайға арналған қосымшалар шығара алатын болады.

"Технологиялық мәселелерге байланысты жұмыстарды сәл кешіктірдік. Дегенмен, зауыт жоспарға сәйкес биылғы жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Жобаның құны 467 миллион теңге. Зауыт іске қосылғаннан кейін мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады", - дейді Амангелді Шәріпов.

Тағы бір тың жоба – «СпецПромСервис» ЖШС. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақта орналасқан зауыттардың қалдықтарын қайта өңдейтін болады. Жоба құны 150 миллион теңге.

"Бүгінде барлық құжаттарды қолға түсірдік. 1,5 километр электр сымын тартудамыз. Құрылыс алаңы дайын", - дейді «СпецПромСервис» ЖШС құрылтайшысы Исләм Құсайынов.

Облыс әкімі аталған кәсіпорынның экологияға сәйкестігін жіті зерттеуді тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы