Павлодар әкімдігі зағиптардың жерін тартып алмақшы

19 Ақпан 2024, 18:42
514
Бөлісу:
Павлодар әкімдігі зағиптардың жерін тартып алмақшы
Фото: автордан

Павлодар қаласының әкімдігі зағиптарға тиесілі жерді тартып алмақшы. Мақсат – 1200 орындық мектеп салу, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Жергілікті биліктің көзіне түскен ғимарат әу бастан «Қазақ зағиптар қоғамы» өкілдігіне тиесілі. Бүгінде көз жанарынан айырылған 60-қа жуық азамат үшін бұл жер панаға айналған. Мүмкіндігі шектеулі жандар ғимарат ішінде орналасқан тігін цехында ондаған жыл бойы еңбек етіп келеді. Зағип жандар ішкі нарықта сұранысқа ие 20-дан астам тауар түрін өндіреді. Көрпе-жастық, киім-кешек, сүзгілер сияқты тауар мемлекеттік стандарттарға сай тігіледі.

Павлодар әкімдігі зағиптардың жерін тартып алмақшы

«Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігіне тиесілі кәсіпорын директоры Арынғали Бердиевтің айтуынша, жергілікті билік Усолка шағын ауданын жобалау барысында мектеп құрылысына арналған жер учаскесін дер кезінде бөлмегіне налиды. Сол кезде жол берілген қателіктер салдарынан бірегей өнеркәсіптің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін.

Павлодар әкімдігі зағиптардың жерін тартып алмақшы

Әкімдіктен ресми хат, ескерту, не құжат келген жоқ. Бір әлеуметтік нысанды салу үшін екінші әлеуметтік өндіріс тартып алынбақшы. Бұл қарапайым өндіріс емес, бұл көз мүгедектерінің екінші үйі. Осында ондаған жыл бойы еңбек етіп жүрген жұмыскерлеріміз бар. Екі гектарлық учаскеміз күштен алынса, біз қайда тентіреп қайда барамыз? Өндірісіміз не болмақ?, - дейді Арынғали Бердиев.

Тарихқа көз жүгіртсек, зағиптар қоғамының «Оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-і сонау 1942 жылы мүгедек-майдангерлердің мұрындық болуымен ашылған. Бастапқыда Павлодардың орталық көшелерінің бірінде орналасса, өткен ғасырдың 60-жылдары Усолка шағын ауданына жақын жерге көшерілген. Сол сәттен бері зағип жандардың қолынан шыққан өнімдер ішкі нарыққа тасымалданып келеді.

Сол кезде трактор зауытына қажет өнімдер шығарылды. Кеңес дәуірінде бұл жерде 600-ден астам адам жұмыс істеді. Көлік, тракторларға арналған электр құралдары өндірілді. Ал соңғы 40 жыл бойы тігін заттарын шығарып келеміз. Соңғы жылдары халық тұтынатын киім-кешек пен арнайы форма өндіру технологиясын меңгеріп алдық. Балаларға арналған бұйымдар да бар. Ал жергілікті алюминий зауытының тапсырысымен ауаны тазартуда пайдаланылатын сүзгілер тігеміз. Бұл өндіріс ошағы – ірі серіктестеріміздің бірі. Бұл өнім түрін біз ғана тігеміз. Біздің мамандардың барлығы – кәсіби тігіншілер. Бүгінде 58 адам бір қолға күрек тауып жүр. Олардың жартысына жуығы көз мүгедектері. Осы жерде еңбек етіп, адал нанын тауып жүргендер. Ғимаратымызды тартып алса, адамдардың күні не болмақ? Неге біздің учаскемізді алмақшы? Солай болған күнде кәсіпорнымыз тоқтап қалады. Өйткені, жұмыскерлеріміздің басым бөлігі цехқа жақын жерде тұрады. Олар жұмыс орындарына апаратын жолды жаттап алған. Көрмесе де, осы аумақтың әр жолы, әр тасын сезіп келеді. Жақын жерде зағип жандарға арналған инфрақұрылым бар. Өз кітапханамыз, клубымыз, жатақханамыз, бізге арналған жолақтар бар. Бұның барлығы бір күнде жоғалса, болашағымыз не болмақ, - дейді Арынғали Бердиев. 

Жер учаскесін күштеп алу туралы әңгіме өткен жылы айтыла бастапты. Десе де, қала әкімдігінің өкілдері «мәселе шешілді, жерді алмаймыз» деп уәде берген. Уақыт көрсеткендей, бұл құрғақ уәде болып шықты.

Қала билігі зағиптарға облыс орталығының шетінен бірнеше учаске ұсыныпты. Десе де, ол жаққа жетудің өзі мұң.

Ол жақта ешқандай инфрақұрылым жоқ. Автобустар жүрмейді, жол жоқ. Сау адамға жету қиын. Зағиптар ше? Ал ғимараттардың жағдайы мүшкіл. Ал біздің осындағы өндіріс қолайлы жақта орналасқан. Шеберханаларымыз, асхана, дүкен – барлығы бір жерде, - дейді ол.

Жұмыскерлердің айтуынша, олар үшін бұл тігін цехы жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – темірдей тәртіп, өзара сый-құрмет орнаған үлкен әлем. Өндірістегі ең жас маман 52-де, олардың арасында бір жерде 40 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп жүргендері бар. Солардың бірі – Ғалым Тағыбергенов. Ғалым Өтепбергенұлы 15 жыл бұрын ауруға шалдығып, көз мүгедектігі бойынша осында жұмысқа келген.

Біз үшін – бұл үлкен трагедия. Жерсіз қалып, өндіріс басқа жаққа көшірілсе, күніміз не боларын ойлайдың өзі қорқынышты. Бұл нәпақа табудың амалы емес, бұл - біздің әлем. Әкім-қарарлар осы әлемімізге қол сұқпақ. Бар ермегіміз, бар күніміз осы жұмыс қой. Осы жерде тігуді үйреніп алдым. Шығармашылықпен айналысамыз. Өзіміздің хорымыз бар, - дейді Ғалым аға.

Лилия Қызылғашова да көз жанарынан айырылған. Осы иігін цехында 22 жыл жұмыс ітеп келеді.

Наурыз айында 42 жасқа толамын. Өмірімнің жартысы осы тігіншілікпен өтуде. Басқа жерге барғымыз келмейді. Шалғайдан жер берген күннің өзінде ол жаққа қалай жетеміз. Көзі көретін адамға қиын, ал біз ше?, - дейді Лилия.

Павлодар әкімдігі зағиптардың жерін тартып алмақшы

Қала әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 1200 орындық мектеп құрылысы үшін мемлекет қажеттілігіне орай қала әкімінің қаулысы қабылданған.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық жобасын қабылдау бойынша қаулы шығарды. Осы құжат пен бекітілген құрылыс жобасын орындау мақсатында қала әкімдігі арнайы қаулы қабылдады. Бұл құжат жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алып қоюға байланысты жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлі түрде иеліктен шығару туралы. Қаулы шеңберінде иеліктен шығаруға екі учаске жатады. Солардың бірі зағиптар қоғамдық бірлестігінің жері. Жер кодексі және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес бұл учаскелердің меншік иелеріне тәуелсіз бағалау негізінде нарықтағы құны бойынша өтемақы төленеді. Сондай-ақ, зағиптар қоғамына шаруашылықтарын әрі қарай жалғастыру үшін бірнеше орын ұсынылады. Айта кетейін, Усолка шағын ауданында 2204 орынды құрайтын екі мектеп бар. Онда 3620 бала оқиды. Яғни, 1400 оқушы орны тапшы. Шағын ауданның даму қарқынын ескере отырып, тапшылық 2000-ге жетуі мүмкін. Мәселе енді шешімін табуы керек, - дейді Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Оразбек Саяхат.

Әкімдік Усолка шағын ауданның даму қарқынына қатысты шешім қабылдап жатқанда, зағиптар қоғамына бірде бір ресми құжат түспеген. Қоғам өкілдері алдағы уақытта бірнеше жоба жүзеге асырмақшы. Соның бірі – жаңа жиһаз цехын ашу. Десе де, жер тартып алынса, бұл жоспар құрдымға кетпек.

Ал мемлекеттік қызметкерлер мен атқамінерлерден қолдау таппаған азаматтар енді Мәжіліс депутаттарына өтініш айтпақ. Сот көмегіне де жүгінбек ойда.

Еске сала кетейік, бұл – жергілікті биліктің мектептегі орын тапшылығы проблемасын шешудегі алғашқы қадам емес. Өткен жылдың қазан айында билік кеме жөндеу зауытының аумағын тартып алуға ниеттеген. Дегенмен, өндіріс басшылығы құқықтары мен зауыт ғимаратын қорғап қалды. Ал зағиптар қайда бармақ? Ал Қазақ елі «инклюзиялық қоғам құрамыз» деп жатқанда, зағиптардың инфрақұрылымсыз қалуын қалай түсінуге болады? Бұл сұрақ павлодарлық зағип жандарды мазалайтыны анық.

Өзгелердің жаңалығы