Пәтуа беру үлкен жауапкершілік – Наурызбай қажы Тағанұлы

23 Қараша 2022, 20:57
1192
Бөлісу:
Пәтуа беру үлкен жауапкершілік – Наурызбай қажы Тағанұлы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратында шариғат және пәтуаға жауапты және діни ақпарат беру орталығы (Call орталық) мамандарының біліктілігін арттыруға арналған  семинар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Семинарға ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, пәтуа мамандарына дәріс оқыды.

Бас мүфти қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуа шығару, халық тарапынан келген сұрақтарға жауап беру ҚМДБ-ның басты жұмыстарының бірі екенін айта келіп, сауапты да, жауапты істі жауапкершілікпен атқарып келе жатқан дін қызметкерлеріне алғыс айтты.

Пәтуа беру үлкен жауапкершілік. Алла Тағала Құранда: «Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олар сенен, әйелдер жайында пәтуа сұрайды. Оларға Алла сендерге олар жайында пәтуасын білдіреді» («Ниса» сүресі, 127-аят) деген. Бұл аятта пәтуаны Алланың өзі беретінін айтып жатыр. Себебі пәтуа беру ол Алланың атынан үкім ету дегенді білдіреді. Бұл үкімдерді пенделерге жеткізу Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүктелген. Пәтуа берушілердің алғашқысы – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Ол кісіден кейін ғалым сахабалар, табиғиндер, табаға табиғиндер және мұжтаһид ғалымдар пәтуа айтатын. Бұл іс қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келеді, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти сондай-ақ пәтуа мамандарының негізгі мақсаты ортақ пәтуаны ескере отырып, ауызбіршілік таныту екенін алға тартты. 

Біріншіден, алауыздықтың алдын алып, қоғамның діни тұрғыдан бөлінуіне жол бермеуіміз керек. Екіншіден, қазіргі цифрлық технологияның дамыған заманында әлеуметтік желілерді тиімді пайдалана отырып, халықтың көкейіндегі діни сұрақтарға дер кезінде жауап беру қажет. Үшіншіден, уақыт талабына сай әркім білімін жетілдіріп отыру керек. Төртіншіден, дін ғалымдарымен, ҚМДБ мамандарымен кеңесе отырып, туындаған сұрақтарға жауап беру керек. Бесіншіден, жанашырлық танытып, жан-жақты ізденіп, белсенді болуымыз қажет, -  деді ҚМДБ төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы