Пациенттер мен клиникаларға цифрландыру не үшін пайдалы

Кеше, 14:22
78
Бөлісу:
Пациенттер мен клиникаларға цифрландыру не үшін пайдалы
Фото: Артём Чурсинов - архив

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау басталды. Бұл маңызды өзгеріс Мемлекет басшысы мен Үкіметтің көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асырылуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазірдің өзінде 162 миллион дәрілік зат таңбаланған, оның 152 миллионы Қазақстанда дәрі-дәрмектің міндетті таңбасы енгізілгеннен кейін таңбаланған. Осы орайда BAQ.KZ «СҚ-Фармация» ЖШС Медициналық техниканы қамтамасыз ету басқармасының бастығы Эрик Құлшановпен сұхбаттасты.

Сандық таңбалау дегеніміз не және ол не үшін қажет?

Сандық таңбалау – бұл нарықты жалған дәрі-дәрмектерден қорғауға және өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін толық ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе.

«СҚ-Фармация» ЖШС медициналық техниканы қамтамасыз ету басқармасының бастығы Эрик Құлшанов бұл жаңашылдық медициналық ұйымдардың жұмысын қалай жақсартатыны және пациенттерге тікелей әсер ететіні туралы айтып берді.

Сандық таңбалау – бұл қаптамадағы код қана емес, сонымен қатар дәрі-дәрмек қозғалысының ашықтығы мен бақылауын арттыруға арналған құрал. Бұл жүйенің көмегімен біз қанша дәрі-дәрмектің түскенін және олардың қай жерде екенін көре аламыз. Бұл жеткізілімдердің кешігу қаупін болжауға және уақтылы әрекет етуге көмектеседі, - деп түсіндірді Эрик Құлшанов.

Оның айтуынша, таңбалау басталған сәттен бастап Бірыңғай дистрибьютор 17 миллионға жуық дәрілік заттың таңбаланған қаптамасын сатып алып, өңірлерге жөнелткен, оның 15 миллионға жуығы – отандық, ал 2 миллионнан астамы – импорттық өндірістің препараттары.

Медициналық ұйымдар үшін артықшылықтар

Дәрі-дәрмектерді таңбалау мен қадағалауды енгізудің арқасында әр қаптаманың қозғалысы ескеріледі, бұл жеткізу мен сақтау процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Медициналық мекемелер қандай дәрі-дәрмектердің жетіспейтінін алдын ала көре алады және олардың тапшылығын болдырмайды, - деп атап өтті Эрик Құлшанов.

Э.Құлшанов сондай-ақ цифрлық таңбалау бюджет қаражатының негізсіз артық жұмсалуын азайтуға көмектеседі деп санайды.

Сонымен қатар, өз құзыреті шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор логистика мен дәрі-дәрмектердің халыққа уақтылы жеткізілуін бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз етуді одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Бұл пациенттер үшін нені білдіреді?

Э.Құлшановтың пікірінше, жүйені енгізу пациенттерге оң әсер етеді.

Сатып алуды ұтымды жоспарлау мемлекетке бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Пациенттер үшін бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қол жетімділігі мен тұрақтылығын білдіреді, - деді ол.

Осылайша, цифрлық таңбалау жүйесі нарықтың барлық қатысушылары – өндірушіден пациентке дейін қауіпсіздікті, тиімділікті және ашықтықты қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды қадам болды.

Өзгелердің жаңалығы