Пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

18 Ақпан 2019, 21:35
1981
Бөлісу:
Пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Фото: Тұтқындау операциясының видеосынан скриншот

Талдықорған, BAQ.KZ. Талдықорған қаласында қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде қаладағы шағын аудандардың біріндегі жалдамалы пәтерден бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды. 

«Қылмыстық топ құрамындағы 23-26 жастағы үш азамат та бұған дейін осындай қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Күдіктілердің тұрғылықты жерінен бұған дейін қолды болған заттар - фото аппараттар және компьютерлік техника, сондай-ақ зергерлік бұйымдар табылды»,-деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар қалалық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. 

«Ұрылар тобына ағымдағы жылы облыс орталығында орын алған бірнеше ұрлықты жасады деген күдік тағылып отыр. Қазір олардың үш пәтер ұрлығына және бір кісі тонау дерегіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Күдіктілердің осыған ұқсас сипаттағы басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде» - деп толықтырады ведомство өкілдері. 

Полиция қызметкерлері күдіктілердің Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерде тұрып жатқан Қаратал ауданының тұрғындары екендігін анықтады. Барлық ұрлық ұқсас әдіспен, яғни кілттерді таңдау арқылы жасалған. 

«Анықталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 191-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- деп толықтырды полиция қызметкерлері.

Өзгелердің жаңалығы