- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Пәтер иелері нені білуі керек? Тұрғынды үйінен шығару заңмен қалай реттелгенін түсіндіреміз
Пәтер иелері нені білуі керек? Тұрғынды үйінен шығару заңмен қалай реттелгенін түсіндіреміз
Айта кетейік, жаңа Конституцияға сәйкес, тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Бұл туралы Конституцияның 28-бабында айтылған.
17 Тамыз 2026, 17:34
Заң бойынша ешкімді тұрғын үйден сот шешімінсіз күштеп шығарып жіберуге болмайды. Алайда тәжірибеде баспана даулары, жалға алушылар мен меншік иелері арасындағы келіспеушіліктер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда азаматтардың қандай құқықтары бар және сот арқылы көшіру рәсімі қалай жүзеге асады? Осы сауалдарды заңгер Арыс Данагатовқа қойып, мәселенің құқықтық қырын тарқатып көрдік.
Айта кетейік, жаңа Конституцияға сәйкес, тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Бұл туралы Конституцияның 28-бабында айтылған.
- Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Cот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
- Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына баспана заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.
Сот шешімінсіз шығару заңсыз
Заңгердің айтуынша, тұрғын үй иесі болғанның өзінде адамды баспанадан өз бетінше шығарып жіберуге құқығы жоқ.
Тіпті пәтердің иесі болсаңыз да, адамды өз бетіңізше шығара алмайсыз – құлыпты ауыстыру, суды немесе жарықты өшіру заңсыз. Мұның бәрі үшін меншік иесінің өзі жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Шығару тек сот арқылы ғана болады, - дейді заңгер.
Сот қандай жағдайларды ескереді?
Маманның сөзінше, сот тұрғын үйде кәмелетке толмаған баланың тұратынын немесе тіркелгенін міндетті түрде назарға алады. Дегенмен бұл адамды үйден шығару мүмкін емес дегенді білдірмейді.
Сондай-ақ қоғамда кең тараған «жалғыз баспананы тартып ала алмайды» деген пікірдің де әрдайым дұрыс бола бермейтінін айтты.
Егер пәтерде бала тіркелген немесе тұрып жатса – сот мұны міндетті түрде ескереді, бірақ бұл автоматты түрде адамды шығармайды дегенді білдірмейді. «Жалғыз баспана болса, шығармайды» деген кең тараған миф бар. Бұл тек әдеттегі қарыздарға ғана қатысты. Ал егер пәтер ипотекада болса және банк оны қарызды өтемегені үшін алса – бұл ереже жұмыс істемейді, жалғыз баспананы да алып қоюы мүмкін, - дейді маман.
Меншік иесі қандай жағдайда адамды шығара алады?
Заңгердің айтуынша, тұрғын үй иесі азаматты тек оның келісімімен ғана көшіре алады. Ал келіспеген жағдайда міндетті түрде сотқа жүгіну қажет.
Егер адам өз еркімен кетуге келіспесе, жол біреу-ақ: сотқа жүгіну. Сотсыз жалғыз заңды жол – екі тарап өзара келісіп, адам өз еркімен көшуі, тіпті жазбаша түрде жасалса жақсы, - дейді заңгер.
Сот шешімінен кейін не болады?
Арыс Данагатов үйден шығару процесі бірнеше кезеңнен тұратынын түсіндірді. Алдымен сот шешім қабылдайды, кейін ол заңды күшіне енеді. Одан соң іс сот орындаушысына жолданады.
Сот шешім шығарады → шешім заңды күшіне енеді → сот орындаушысына беріледі → орындаушы адамға өзі көшуге уақыт береді (әдетте 5 жұмыс күні) → көшпесе – мәжбүрлеп шығарады, полиция мен куәгерлер қатысады, мүлікті түгендеп, акт жасайды, - дейді маман.
Азаматтар қандай қателіктер жібереді?
Заңгер тәжірибеде адамдардың көбіне өз құқықтарын дұрыс білмеуінен қиындыққа тап болатынын айтты.
Оның сөзінше, азаматтар жиі сот отырысына қатыспайды, тіркеуді тұрғын үйде тұру құқығымен шатастырады, апелляция беру мерзімін өткізіп алады немесе күрделі дауларды заңгердің көмегінсіз шешуге тырысады.
Үйден шығару талабымен келіспесе не істеу керек?
Маман мұндай жағдайда адамның сол баспанада тұруға заңды негізі бар екенін дәлелдеуге кеңес береді.
Пәтердің талапкерге тиесілі екенімен таласу көбіне пайдасыз. Одан гөрі мықтырағы – өзіңіздің сол жерде тұруға заңды негізіңіз бар екенін дәлелдеу (шарт, меншіктегі үлес, отбасы мүшесі мәртебесі). Оған қоса баланың барын айту, сондай-ақ талапкердің бұл талапты құқығы бойынша емес, тек қасақана қиындық жасау үшін қойып отырғанын көрсету де көмектесуі мүмкін, - дейді заңгер.
Арыс Данагатовтың айтуынша, тәжірибе бойынша қазір көбіне ипотеканы төлей алмағандықтан және ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайын пәтерден шығаруды сұрап жататын жағдайлар жиі кездеседі.
Тағы оқи отырыңыз: Тұрғын үйден шығару: Конституцияда не бекітілді және іс жүзінде не өзгереді
Ең оқылған:
- Сеутаға жаппай өтпек болған 294 адам ұсталды
- Күндегі екі жарылыстан кейін Жерде магниттік дауылдар басталуы мүмкін
- Алдағы төрт жылда қай салаларда жалақы өседі?
- 16 тамыздағы Астана, Алматы және Шымкент айырбастау орындарындағы валюта бағамдары
- БАҚ: АҚШ пен Иран ұзаққа созылған қақтығысты аяқтаудың жолын таба алмады
Сымбат Сатыбалдина