Адамдар пәтер ақысын төлеуге 50-100 мың теңге іздеп жүр. Депутат Маминге мәселені төтесінен қойды

3 Ақпан 2021, 12:25
14367
Бөлісу:
Адамдар пәтер ақысын төлеуге 50-100 мың теңге іздеп жүр. Депутат Маминге мәселені төтесінен қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Снежанна Имашева Үкімет басшысына «Шаңырақ» бағдарламасына қатысты сауал жолдады.

Өткен сайлау науқаны аясында халықпен болған кездесулер барысында сайлаушылар бізге көптеген аманат-тілегін айтқан болатын. Олардың бір бөлігі әлеуметтік тұрғын үй алу мәселелеріне байланысты болды. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 540 мың азамат тұр. Тұрғын үй құрылысының жоғары қарқынына қарамастан, әлеуметтік тұрғын үйге кезек азаймайды, ал кей жерлерде тіпті өсуде. Тұрғын үй құрылысы өте белсенді жүргізілсе де, кезекте тұрған барлық адамдардың талаптары қанағаттандырылатын мерзімді атауға ешкімнің батылы жетпей отыр, - дейді депутат.

Ол Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кірісі 3,7 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын халықтың аса осал топтарына тұрғын үй қарыздарын беру үшін 5-10-20 «Шаңырақ» бағдарламасы іске қосылғанын, оның операторы «Отбасы банкі» екендігін айта кетті.

Алайда, бағдарламаның шарттары көпбалалы, жалғызбасты ата-аналар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар сияқты санаттарға қолжетімсіз. Келіп түскен 37 мың өтінімнің небәрі 1500-і ғана мақұлданған.Оның себептері бар. Біріншісі, соңғы 6 айдағы аударымдарымен еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен отбасының кірісін растау қажет. Әдетте, мұндай талапты банктер клиенттің төлем қабілеттілігін растау үшін қояды. Бірақ, азаматтардың осал санаттарының, көбінесе, жәрдемақылар мен зейнетақылардан басқа, мүлдем ешқандай ресми кірісі жоқ, - дейді Имашева.

Оның айтуынша, бұл ретте олардың көбі тұрғын үй жалдап, ай сайын жалға алу ақысын төлеуге 50-100 мың теңге іздестіруге мәжбүр. Бұл соманы олар тұрғын үй қарызын өтеуге жібере алар еді. Сонымен бірге жақсы кредиттік тарих олардың төлем қабілеттілігінің өлшемі бола алар еді. Өйткені, кірістерін растамай, оларға жоғары пайызбен тауарлық кредиттер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттері ғана қолжетімді болады. 

Бұл ретте олар кредиттік тарихын бүлдірмеу үшін оларды уақытында төлейді. Кепілсіз және қымбат кредиттерді уақтылы қайтаратын борышкерлер – тәртіпті, олардың бағдарламаға қатысуы мүмкін деп санаймын. Осы туралы жиналыстарда сайлаушылар да: «Бізге мемлекеттен баспана керек емес, оны ипотекаға сатып алуға мүмкіндік берсеңіздер болды!» деп сұраған болатын.

Екінші себеп. Тұрғын үйді бастапқы нарықта ғана сатып алуға болады. Бірақ жаңа тұрғын үйдің бағасы өте жоғары. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша өңірлерде қарыздың ең жоғары сомасы 12 миллион теңгені құрайды. Бұл бағамен жаңа салынға үйден 1-2 бөлмелі пәтерді ғана сатып алуға болады, бірақ оның өзі де жоқ, - дейді депутат.

Оның айтуынша,  мұндай тұрғын үй құрылыс салу кезеңінде сатып алынады. Жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен салынатын арзан тұрғын үй де жеткіліксіз. Қайталама нарық сұранысты ішінара қанағаттандырар еді. Бағдарламаны әзірлеушілер түсіндіріп отырғандай, бағдарламаның мақсаты құрылыс секторын дамыту ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік тұрғын үй алуға кезекті қысқарту болып табылады деп отыр. 

Қайталама нарықтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің құнын ақылға қонымды шектеу қайталама нарықтағы бағаның өсуіне жол бермес еді. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы (премьер-министр Мамин), осы сауал арқылы сізден халықтың әлеуметтік жағынан осал санатындағы азаматтарға тұрғын үй сатып алу үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді және 5-10-20 «Шаңырақ» бағдарламасының шарттарын  қайта қарауды сұраймын, - деді Снежанна Имашева.

 Ол айтқан екі шарт мынау:

1) азаматтардың осал санаттарына тұрғын үй қарыздарын кірісін растамай, олардың төлем қабілеттілігін қосымша параметрлер бойынша бағалай отырып алуға мүмкіндік беру.

2) бағдарлама бойынша тұрғын үйді жылжымайтын мүліктің қайталама нарығынан сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы