Партияның бүгінгі съезінде жауапкершілік мәселесі қозғалды – Айдос Сарым

1 Наурыз 2022, 18:00
1486
Бөлісу:
Партияның бүгінгі съезінде жауапкершілік мәселесі қозғалды – Айдос Сарым

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Партияға келген адам алда үлкен саяси күрес тұрғанын түсіну керек. Оңай ештеңе жоқ. Бәріне үлкен қажыр, қайрат, білім керек. Яғни, партияға келген азаматтар өзінің жауапкершілігін түсініп келу керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Baq.kz тілшісіне берген пікірінде айтты.

Оның айтуынша, соңғы кездері Президенттің халық алдына шығып сөйлеген әрбір сөзі кем дегенде үлкен бір қалыптасқан немесе тарап жатқан өсек-аяңды жоққа шығарып жатыр. 

Осы кезге дейін Nur Otan партиясы таратылсын, Парламент таратылсын деген біраз сын айтылды. Президент бүгін осындай біраз алыпқашпа әңгімелерге жауап бергендей болды. Яғни, партия өз орнында қалып жатыр. Мемлекет басшысы партияның маңызын, жетекші рөлі мойындап, оның алдағы шаруалары мен бастамаларын күтіп отырғанын айтты,-дейді депутат. 

Сонымен қатар ол Nur Otan партиясының съезінде  жауапкершілік мәселесі қозғалғанын жеткізді. Оның ойынша, партияға келген адам алда үлкен саяси күрес тұрғанын түсіну керек. Оңай ештеңе жоқ. Бәріне үлкен қажыр, қайрат, білім қажет. Яғни, партияға келген азаматтар өзінің жауапкершілігін түсінген жөн. 

Қаңтар оқиғасынан бері президент біраз шешімдерді жеке өзі қабылдап, үлкен жауапкершілікті өз мойнына артып алды. Партия, парламент айналып келгенде осы жауапкершілік биігіне көтеріліп, президентпен бірге өз мойынына артуы қажет. Сол себепті партияға келетін азаматтар соған дайын болуы керек, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өзіміз қандай геосаяси жағдайда өмір сүріп жатқанымызды түсініп отырмыз, ол саяси немесе ішкі тұрғыдан болса да,-деді ол.

Сонымен қатар ол партия атауының өзгеруі символикалық қадам екенін, енді шынымен өзгеруге қадам басып, табиғатымен қоса затын да өзгертіп жатқандарын айтты.

Қазір парламенттің жұмысына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, кешегі Үкімет сағаты онлайн режимде өтті. Көріп отырған жұрт сұрақтарын тікелей спикерлерге қойып отырды. Оған қоса депуатттар аймақтарды аралап келдік. Біраз мәселелер бойынша көзқарасымызды қалыптастырдық. Осындай нәрселерді бағытқа алып, тұрақты түрде өткізуді қолға алынған дұрыс. Үкімет пен фракция арасындағы қарым-қатынасты бейресмилендіруге тырысу, қағазбастылықтан құтылу сияқты нақты шешімдер қабылданды. Партияның трансформациялануы, модернизациялау туралы нақты бағдарламасы бекітілді,-дейді А. Сарым. 

Депутаттың айтуынша, «Аманат» партиясы басқа партиялармен бір қатарда тұр. Ешқандай жабық тақырып жоқ, бәрі айтылады.  Бұған дейін айтылмай келген мәселенің бәрін президенттің өзі үлкен мінберден айтып жүр, шындық мойындалып жатқан көрінеді. 

Қазір біз басқа партиялармен теңестік деп айтуға болады. Мұның бәрі үлкен жауапкершілік, үлкен мүмкіндік. Оны дұрыс түсініп, аймақ, ауданға дейін жеткізе алсақ, онда партия өзінің көшбасшылығын дәлелдеуге мүмкіндік алады. Өйткені ескі көзқарастағы партияластар да бар, қатып қалған бюрократиялық тәсілден аса алмайтын азаматтар бар. Солармен күресудің өзі оңай болмайды. Мұның бәрі адами фактор,-дейді ол.

Сонымен қатар ол алда партияның қиын саяси науқандар күтіп тұрғанын, жаңа саяси ойыншылар сахнаға шығып жатқанын жеткізді.  

Олар да сен тұр, мен атайын деп келетіні анық. Қазірдің өзінде аптасына бір адам партия ашамын деп шығып жатыр. Президент өз сөзінде 16 наурызда кезектен тыс саяси Жолдауымен шығатынын айтты. Менің ойымша оның ішінде партияларды тіркеуді жеңілдету, сайлау туралы заңнаманы өзгерту деген сияқты мәселелер болады. Президенттің әр бір сөйлеген сөзі кем дегенде бір заңға өзек. Қарап отырсақ кейбір заңдарға өзгерістер енгізуді қажет етіп тұрады. Сол себепті Парламенттік фракцияға да артылып отырған жүк ауыр болмақ. Алдағы уақытта оның барлығын тез арада қоғаммен келісе отырып  қабылдауымыз қажет. Мысалы, сайлау туралы заңға бүкіл саясаттан үмітті субектілердің барлығын шақырып, бірге талқылауымыз керек. Ертең заң қабылдаған соң ренжитін жағдай болмас үшін бәріміз ұсыныс берейік, талқылайық,-деді депутат.  
 

Өзгелердің жаңалығы