Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Түркия елі Томирис фильмін жылы қабылдап, үлкен қошемет көрсетті. Бұл туралы кинорежиссер Ақан Сатаев BAQ.KZ тілшісіне пікір білдіру кезінде айтты.
Оның айтуынша, Томирис фильмі әлемнің 6-7 тілінде дубляждалған және жиырма шақты елге сатылыпты. Жақында Түркия елінің кинотеатрларында көрсетіліп, халықтың үлкен қошеметіне ие болған.
Ондағы халық фильмді өте жылы қабылдап, үлкен қошемет көрсетті. Өйткені Томиристің тарихы түркі елдеріне ортақ. Оның үстіне түріктер бауырмал, түркі елдерінің дүниесіне құрметпен қарайды,-деді ол.
Томирис фильмі алғаш көрсетілімге шыққанда парсы елдері тарапынан кинода тарих бұрмаланған дегендей пікірлер айтылған еді. Режиссер ондай пікірдің неден шыққанын түсіндірді.
Олар Томирис парсыдан шыққан дегенді әлі де айтып жатыр. Өйткені олар Герадоттың жазғанына сүйене бермейді, яғни қабылдамайды. Олар өз тарихы бойынша қарайды. Томиристің Кир патшаны жеңгеніне сенбейді. Сондықтан Иран халқының кейбірі наразылық білдіріп жатады. Бірақ бәрі емес, өйткені өзім араласатын ирандықтар бар. Алғаш фильмді Мәскеуде көрсеткенде олар да келді, артынан рахметін айтып, «біздің Кир сияқты ұлы тұлғамызды әлемге танытып жатсыңдар» деген болатын. Біз фильмде Кирді жаман жағынан көрсеткен емеспіз және ешбір елдің намысына тиіп, тарихқа да қиянат жасаған жоқпыз. Біз тек Герадот жазып қалдырған тарихтың шеңберінде түсірдік,-дейді Сатаев.
Сонымен қатар ол тарихи «Қасым хан» фильмінің түсірілімі аяқталғанын және қай кезде қалың көрерменге ұсынылатынын жеткізді.
Фильмнің түсірілімі аяқталды. Қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Желтоқсан айында Тәуелсіздік күнінде қалың көрермен назарына ұсынсақ деп отырмыз. Сол кезде еліміздегі барлық кинотеатрдан көре аласыздар,-деді А. Сатаев.