Парсы шығанағында өртенген танкерден 22 теңізші құтқарылды

Танкердің атауы мен тіркелген порты әзірге жарияланған жоқ.

11 Қазан 2026, 03:40
АВТОР
 depositphotos.com 11 Қазан 2026, 03:40
11 Қазан 2026, 03:40
358
Фото: depositphotos.com

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Ұлттық гвардиясына қарасты жағалау күзеті Парсы шығанағында өртенген мұнай танкерінің 22 экипаж мүшесін құтқарды.

Ведомствоның мәліметінше, құтқару операциясы кеме экипажынан апат сигналы түскеннен кейін басталған. Мамандандырылған топтар танкердің орналасқан жерін анықтап, теңізшілерді эвакуациялаған. Құтқарылғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тиісті органдарға тапсырылды. Экипаж мүшелерінің жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Бұған дейін, 9 қазанда Ұлыбритания Әскери-теңіз күштерінің Теңіз саудасын үйлестіру орталығы (UKMTO) БАӘ жағалауына жақын жерде танкерге белгісіз снаряд тигенін хабарлаған болатын.

Оқиға Рас-әл-Хайма әмірлігіндегі Әл-Джазира әл-Хамра жағалауынан батысқа қарай 13 теңіз милі қашықтықта болған. Снаряд кемеге тигеннен кейін өрт шығып, кейін оны сөндіруге мүмкіндік туған.

Танкердің атауы мен тіркелген порты әзірге жарияланған жоқ.

Наверх