Парламентаралық форумның Самарқанд қаласында өткізілуін құптаймын – Тоқаев

19 Маусым 2023, 18:59
638
Бөлісу:
Парламентаралық форумның Самарқанд қаласында өткізілуін құптаймын – Тоқаев

Президент Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды дамытуға және мемлекетаралық қатынастарға тың серпін беруге бағытталған қазақ-өзбек ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваға ілтипат білдіре отырып, бүгін Астанада өткен маңызды бастама – «Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы» атты шараны қолдағаны және жиынға белсенді қатысқаны үшін Олий Мәжілісі Сенатының төрағасына ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы осы алаңның бірінші отырысының қорытындысы өңірдегі өзара іс-әрекетті жандандыруға ықпал ететініне, Орталық Азиядағы гендерлік теңдік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету бағытында ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Президент Сенат төрағасының сапары екіжақты ынтымақтастықтың ерекше сипатының жарқын көрінісі екенін және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне сай келетінін атап өтті.

Былтыр желтоқсан айында Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарымның нәтижесін жоғары бағалаймыз. Биыл 3 наурызда Шымкентте өткен бейресми кездесу барысында елдеріміз арасындағы өзара іс-әрекеттің өзекті мәселелері талқыланды. Тек үкімет деңгейінде ғана жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ, парламентаралық дипломатия да белсенді дамып келе жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Сондықтан келесі жылы екінші Парламентаралық форумның Самарқанд қаласында өткізілуін құптаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.

Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды реформаларды жоғары бағалаймыз. Сізді Қазақстанның бүкіл жүйесінің саяси жаңғыруына ықпал еткен ауқымды іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуымен құттықтағым келеді. Еліңіз тура жолмен келеді және халық іске асырылып жатқан реформаларыңызды белсенді қолдайды. Біз бұған қуаныштымыз, – деді Сенат төрағасы.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне жүрекжарды сәлемін жолдады.

Өзгелердің жаңалығы