Париждегі қазақ-француз келіссөздері стратегиялық серіктестік деңгейінде өтті

2 Қазан 2019, 18:29
3249
Бөлісу:
Париждегі қазақ-француз келіссөздері стратегиялық серіктестік деңгейінде өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Парижде өткен келіссөздерінің нәтижелері қазақ-француз стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілігін көрсетті.

Францияның Еуропалық және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы, Экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақ-француз үкіметаралық комиссиясының Тең төрағасы Жан-Батист Лемуанмен кездесуде тараптар екіжақты форматта және көпжақты алаңдардағы өзара ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқылады.

Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың қайтыс болуына байланысты ресми аза тұту рәсімдеріне қатысқан Р.Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуын жеткізіп, көрнекті саясаткердің халықаралық қатынастар тарихындағы ерекше орнын және оның қазақ-француз қатынастарының дамуына қосқан айтарлықтай үлесін атап өтті.

Келіссөздер барысында барлық маңызды бағыттар бойынша екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мәселелеріне аса ден қойылды. Сонымен қатар, Франция Президенті Эмманюэль Макронның алдағы уақытта Қазақстанға жоспарланған сапарына дайындық аясында ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін басымдыққа ие жобаларды іске асыру барысы қарастырылды.

Р.Василенко қазақстандық тараптың өзара іс-қимыл спектрін кеңейтуге, оның ішінде цифрландыру, ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика сияқты жаңа салаларды арттыруға бағытталғанын растады. Осы бағыттағы жұмыстың соңғы уақыттағы позитивті мысалдары ретінде Францияның аймақтарында биыл Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған шаралар атап өтілді: наурыз айында Канндағы цифрландыру және баламалы энергетика бойынша форум, қыркүйектегі Ренн қаласындағы ауылшаруашылық және агроөнеркәсіп форумы болды, сондай-ақ биыл 8 қазанда Парижде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың қатысуымен өтетін инвестициялық форумы. Іс-шаралар француз іскер топтары арасында үлкен қызығушылық тудырды және іскерлік байланыстар орнатудың тамаша алаңына айналды.

Тараптар көлік, энергетика, ядролық және аэроғарыштық салалардағы, сондай-ақ екі елдің өңірлері арасындағы орталықтандырылмаған ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді. Бүгінгі таңда Франция Қазақстанның сауда және инвестициялық негізгі серіктестерінің бестігіне кіреді. Соңғы он жылда өзара тауарайналымы 50 млрд доллардан асты. Сондай-ақ, біздің елдеріміз арасында уран, мұнай-газ, титан өнеркәсібі, көліктік машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнімдері өндірісі саласында бірқатар ірі бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, бұл француздық инвестициялардың 15 млрд-тан астам долларларын тартуға мүмкіндік берді. Жалпы, Қазақстанда француз капиталы бар 130-дан астам компания жұмыс істейді, олардың ішінде «Тоталь», «Орано», «Альстом», «Данон», «Викат» және басқалары бар.

Біздің халықтарымыздың жақындасуы гуманитарлық байланыстардың кеңеюіне, мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа айтарлықтай септігін тигізетіні атап өтілді. «Рухани Жаңғыру» ұлттық бағдарламасының қолдауымен «Франциядағы Қазақстан күзі» мәдени маусымы аясында осы күндері Францияның түрлі қалаларында болып өткен іс-шаралар маңызды жобалардың бірі болды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет труппасының қойылымы, Нұр-Сұлтан қ. симфониялық оркестрінің концерті, қазақстандық кино апталығы, көркем және фотографиялық көрмелер, француз тіліне аударылған заманауи қазақстандық поэзия мен прозаның антологиясының тұсаукесері, халық музыкасының концерттері және басқа да маңызды оқиғалар болды.

Нұр-Сұлтан мен Париж білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән беруде. 1993 жылдан бастап Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы жұмыс істейді. 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап біздің елімізде «Сорбонна-Қазақстан» институты өз жұмысын атқарып келеді. Өткен жылдан бастап магистранттар мен аспиранттардың «Абай-Верн» қазақ-француз стипендиясының құрылуына байланысты елдеріміздің академиялық ұтқырлығы артты.

Франция үкіметінің мүшесі Ж.-Б. Лёмуан Париждің өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген қызығушылығын растай отырып, Қазақстанмен барлық бағыттардағы ынтымақтастықтың деңгейі мен серпінін жоғары бағалады.

Келіссөздер барысында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастардың оң динамикасына және ЕО-ның өңір бойынша жаңа стратегиясының жүзеге асырылуына үлкен көңіл бөлінді.

Бірлескен жобалар бойынша жұмыс Р. Василенконың Француз Республикасының Еуропалық және сыртқы істер министрлігінің континентальды Еуропа департаментінің директоры Фредерик Мондолонимен және Орталық Азиядағы экономикалық дипломатия бойынша Француз Республикасының ЕЖСІМ-нің арнайы өкілі Паскаль Лоромен өткен кездесулер барысында толығырақ қарастырылды.

Парламент Сенатының Франция-Орталық Азия достық тобының төрағасы Натали Гулемен және Парламенттің Ұлттық Ассамблеясының Франция-Қазақстан достық тобының төрағасы Пьер Кабаремен кездесулер барысында тараптар екіжақты саяси диалог пен орталықтандырылмаған ынтымақтастықты ілгерілету үшін парламентаралық қатынастардың маңыздылығы мен тиімділігін қуаттады.

Сонымен бірге, Р.Василенко сапар барысында Францияның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді, онда қазіргі әлеуметтік-экономикалық реформалар мен ел басшылығының сыртқы саяси бастамалары, Францияға және оның іскер топтарымен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын экономикалық дамудың басымдықтары туралы айтылды.

Өзгелердің жаңалығы