Нидерланд Корольдігінде паранджа киюге тыйым салынды

1 Тамыз 2019, 19:49
3106
Бөлісу:
Нидерланд Корольдігінде паранджа киюге тыйым салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нидерланд Корольдігінде бетті тұмшалап тұратын киім киюге тыйым салынды. Олардың қатарында паранджа, мотоцикл шлемі және балаклава (шаңғы маскасы) бар. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.

Нидерланд Корольдігінде бетті жауып тұратын киім элементтерін киюге тыйым салу туралы дау бірнеше жылға созылған болатын. Ақыры бұл заң енгізіліп, 1 тамыздан бастап күшіне енді. 

Енді нидерландықтар мектептерде, ауруханада, мемлекеттік мекемелерде, жалпы қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын киімдерді кие алмайды. 

Мемлекеттің Ішкі істер министрлігі құзырлы органдар мен муниципалдық билікке салынған тыйымның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Осылайша, құзырлы орган қызметкерлері қоғамдық орынға паранджа немесе никаб киіп келген әйелге бетін ашып көрсетуді талап ете алады. Егер әйел бетін көрсетуден бас тартса, оған 150 еуродан көлемінде айыппұл салынып, қоғамдық орынға кіруге рұқсат берілмейді.  

Аталмыш заң мотоцикл шлемдері мен шаңғы маскасын киетіндерге де қатысты.  

Айта кетейік, бетті тұмшалап тұратын киім элементтерін кию туралы дау Нидерланд Корольдігінде 14 жыл бойы талқыланып келді.
 

Өзгелердің жаңалығы