Астанада паракаратэден тегін секция ашылды

16 Ақпан 2019, 11:55
2378
Бөлісу:
Астанада паракаратэден тегін секция ашылды

Астана, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Астанада қала әкімдігі жанынан «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебі» жұмыс істей бастады. Мектепте 18 спорт түрінен жаттығулар өткізіледі. 

Атап айтқанда, арбада отырып билеу, отырып ойнайтын волейбол, грек-рим күресі, еркін күрес, дойбы, шахмат, тоғызкұмалақ, жеңіл атлетика, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, футбол, таеквондо, асық ату, дзюдо, бочча және голбол. Ақпан айында мектеп жанынан тағы да бір секция ашылды. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар каратэ-до өнерін меңгереді.

Топ жетекшісі каратэ-додан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мейрамгүл Дукуева. Спортшы 15 жылдан бері елордалық каратэшілерді республикалық және халықаралық жарыстарға дайындап жүр. Паракаратэ секциясын ашу идеясы 2017 жылы Лондонда Әлем чемпионатында Ресейдің танымал паракаратэшісі, Әлем чемпионы Сергей Бурлаковпен танысқанда туған. Мүмкіндігі шектеулі спортшы «катаны» тіземен отырып жасаған.

«Лондонда жүргенде паракаратэні неге Қазақстанда да дамытпасқа деген ой келді. Мен мүмкіндігі шектеулі жандарды іздей бастадым. Іздемеген жерім жоқ, интернеттен де қарадым, түрлі қоғамдарға да бардым. Сонда біреулер маған көру қабілеті бұзылған балалар білім алатын медициналық колледжге баруға кеңес берді. Алғашқы шәкірттерімді осылай таптым. Биыл желтоқсан айында Лондонда Әлем чемпионаты өтеді. Оған қатысу үшін республикалық чемпионатта іріктеуден өту керек. Бұрын-соңды мұндай жарыс елімізде болмаған – Қазақстандағы паракаратэнің тарихын біз бастап отырмыз», - деді Мейрамгүл Дукуева.

Паракаратэнің ерекшелігі – спортшылар төбелеспейді, олар каратэ-дода пайдаланылатын техника «каталарды» орындайды.

«Басында қорықтым, көзі көрмейтін спортшылар үшін алаңдадым, олар қалай секіреді, қалай жүгіреді екен? Алайда, олар табандылық танытты. Еш қорқудың қажеті жоқ. Бастысы, алғашқы қадам жасау керек. Мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарым, топқа келіп, жазылыңыздар! Келіңіздер, көріңіздер! Наурыз айында Ақтөбеде халықаралық турнирге қатысамыз деп отырмыз, жан-жақты қолдау көрсетіп, қол ұшын созғаны үшін Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына алғысымды білдіремін», – деді каратэ-додан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мейрамгүл Дукуева.

Айта кетейік, паракаратэшілер жаңа Паралимпиадалық жаттығу орталығында дайындалады. Қазіргі кезде топта 15 адам бар. Олар арбаға танылған спортшылар, ментальді мүгедектер және көру органдары бұзылған жандар. Ең жас паракаратэшінің жасы 14-те, ең үлкені – 36-да. Спорт мектебі шәкірттерді келіп-кетуін де қамтамасыз етеді. Паракаратэшілердің жаттығуға деген ынтасы мол, олардың арманы – жақында паралимпиадалық ойындарға қатысу.

Еске салайық, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Астананың мүмкіндігі шектеулі жанданы мүгедектігінің тобына және жасына қарамастан Паралимпиадалық жаттығу орталығында тегін жаттығу мүмкіндігіне ие.Бұл үшін мүгедектігін растайтын анықтама, мекен жай анықтамасы және жеке куәлік сияқты құжаттар ғана қажет.

Өзгелердің жаңалығы