Пара алатындарға қарағанда ұсынатындар көп

20 Мамыр 2020, 15:15
2787
Бөлісу:
Пара алатындарға қарағанда ұсынатындар көп

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Қазір параны қайтсең де бер" деп сұрайтындар аз. Пара беретін адам болмаса, алатындар болмаушы еді. Бұл туралы Президенттік жастар кадрлық резервінің жеңімпазы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Расул Медетов "Желмая" жобасында айтты.

Оның айтуынаша, қазір елімізде пара алатындарға қарағанда ұсынатындар қатары азаймай тұр.

Көп адам өзінің белгілі бір сұрағын тез шешкісі келеді, сол себепті пара ұсынады. Белгілі бір құжаттарын жөндеу үшін кезекте тұрғысы келмейді, яғни өзі барғысы келмейді. Бір мәселе туындаса, бірден таныстарды іздеп, оны шешудің оңай жолын іздей бастаймыз. Бәрі осыдан басталады. Қазір E-gov порталынан мемлекеттік қызметтің 80%-ын алуға болады, - дейді ол. 

Сұхбат барысында ол төтенше жағдай мен карантин кезінде жемқорлық дерегі төмендемегенін айтты.

Карантин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысына кедергі келтірген жоқ. Өйткені департамент қызметкерлерімен апта сайын орта есеппен 60-70, тіптен 100-ге дейін қылмыстық істер тіркеліп жатыр. Керісінше, карантин режимін пайдаланып жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлер тіркелді. Мәселен, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімдігінің екі қызметкері төтенше жағдайды пайдалана отырып, блок-бекеттерден жүк көліктерін өткізуде өз қызметтерін асыра пайдаланып, белгілі мөлшерде пара алғаны анықталды, - деді ол.

14 мамыр күні аталған күдіктілерге қатысты соттың айыптау үкімі шығарылып, олар өз жазасын алған. Бұл азаматтар келешекте мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылған және біреуі 4 млн-нан астам, екіншісі 13 млн теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелген. 

 Расул Медетов сұхбат барысында парамен ұсталған кейбір азаматтардың сотталмай, неліктен айыппұлмен ғана құтылатынын түсінідіріп өтті.

Кейбір адам 5 мың немесе 10 мың теңге көлемінде пара алып жатады. Оның қоғам, мемлекет үшін белгілі дәрежеде зияны бар, оны жеңуіміз керек. Дегенмен олар қоғамға аса қауіпті қылмыскер емес. Адам өлтіріп, террорлық әрекетке барған жоқ. Олар белгілі дәрежеде заң бұзып, жемқорлыққа жол берді. 5 мың немесе 20 мың теңге пара алса, оны кем дегенде 30, 50 есе етіп қайтаруы керек. Оларды түрмеге апарып қамау халық үшін де зиян. Өйткені оны түрмеде ұстап отыру үшін де қаражат жұмсалады, біз осыны да ескеруіміз қажет, - деді ол.   

Сөз арасында ол жазаға тартылғандар төлейтін айыппұл қайда бағытталатынын айтты.

Кез келген айыппұл бюджетке барады. Одан әрі ертең белгілі бір өңірдегі аурухана, балабақша, мектепке немесе басқа да әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат болып айналып келеді. Өкінішке қарай, біз пара беру арқылы басқа адамдарды байытып жатамыз. Әсіресе жол полицейлерінің арасында пара беру мәселесі көп деп айтып жатамыз. Мәселен, сіз жол ережесін бұздыңыз, бірақ айыппұл төлеуден қаша отырып, қызметкерлерге пара ұсынасыз. Яғни біз біреуді заңсыз түрде байытып жатырмыз. Бұл адамгершілік және заң жағынан болсын дұрыс емес. Мемлекеттік қызметті атқаратын тұлғаға материлдық құндылық беру де қылмыс болып табылады. Алдымен біз санамызды өзгертуіміз керек. Егер айыппұлды төлесек, ертең ол өзімізге қайтып келеді, - дейді ол. 

Агенттік былтыр халық арасында жемқорлыққа қарсы сауалнама өткізген. Оған 7 мыңнан астам адам қатысып, түрлі сұрақтарға жауап берген. Сол жерде халықтың көпшілігі денсаулық сақтау саласында жемқорлық мәселесі жоғары деген баға беріпті. Алайда Медетовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық фактілері Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктерде және соларға тиесілі мекемелерде жиі кездеседі. Ал кәсіпкерлер жер қатынасы басқармаларында, сәулет және құрылыс саласында жемқорлық фактілерімен жиі кездесетіндерін айтқан.

Сұхбат барысында ол жемқорлықты толығымен жеңу тұрғысында агенттік көптеген ұсыныс енгізгенін жеткізді. Ол ұсыныстардың барлығы жыл сайын біртіндеп қабылданып жатқан көрінеді. 

Мысалы, Сингапурды жемқорлықты бірден жойды деп көп айтады. Ол елдегі барлық азаматтар сыбайлас жемқорлықтың субъектісі ретінде танылады. Бізде тек мемлекеттік қызметшілер және мемлекекттік қызметке теңестірілген азаматтар ғана субъекті болып отыр. Мәселен, банкте істейтіндер, мұғалім, дәрігерлер субъекті болып танылмайды. Бізде сыйақы берсең, банкте кредит алуды жылдам жасап береді деген түсінік бар. Бұл Қазақстанда сыбайлас жемқорлық болып табылмайды. Ал Сингапурда ол - қылмыс. Сондықтан агенттіктің қазіргі жұмысының бірі сыбайлас жемқорлық субъектілірін кеңейту болып отыр, - деді Расул Медетов.

Сондай-ақ, ол жемқорлық дерегі еліміздің қай өңірінде аз тіркелетініні тұралы айтып берді.

 Жемқорлық дерегі әр өңірде әртүрлі бағаланады. Мәселен кейбірі бізде көп деуі мүмкін, ал кейбірі бізде жоқ деп жауап береді. Салыстырып қарасаң, көп деген өңірде керісінше аз, ал жоқ дегендерде көп болып шығады. Дегенмен солтүстік өңірлерде жемқорлық дерегі аз тіркеледі, - деді ол.

Сөз арасында ол жемқорлықты қабылдау түсінігі әр өңірде әрқилы екенін, бұның бәрі біздің менталитетке қатысты екенін түсіндірді. 

Бір психологтың айтқанын мысалға келтірсем, оңтүстік өңірдегілер белгілі бір қызмет алса, оған қайтарымы ретінде сыйақы бермесе, өздерін біртүрлі сезінеді екен. "Ұят болды-ау, бірдеңе беруім керек пе еді, алғыс айтуым керек пе еді?!" деп психологиялық тұрғыда өздерін солай сезінеді екен. Ал солтүстіктегілер, керісінше, рахмет айтуға, қорап конфет беруге ұялады. Өңірлерге қатысты да осындай өзгерістер бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы