Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушыларының сапалы білім алуына қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, 2021 жылдың 25 наурызында жарияланған бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, IV тоқсанда төмен және орташа тәуекел аймақтардағы бала саны 300-ден үш мыңға дейінгі оқушыны қамтитын қала және ауыл мектептері аралас форматта оқытуды жоспарлауда.
Аталған мәселе халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарына ғана емес, елордаға жақын орналасқан орта мектептерге де қатысы бар екендігіне назарыңызды аударғымыз келеді. Себебі, бір ғана Ильинка ауылында жоба қуаттылығы 1200 оқушыға арналған орта мектепте бүгінде 3 мыңнан астам бала оқитындығы ешкімге жасырын емес, - деді Жұлдыз Сүлейменова.Осы ретте бас санитарлық дәрігердің сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай, аралас форматта оқыту және «1 сынып - 1 кабинет» қағидатын сақтау қаулысын орындау мүлдем мүмкін емес екендігін атап өтті.
Себебі, көпшілік орта білім беру мекемелерінде қалыптасқан жағдайға сәйкес бір сыныпта оқушы саны 35-тен жоғары мектептер бар. Бұл шара өз кезегінде осындай сыныптарды екіге бөлуге, сәйкесінше мұғалім жүктемесін екі есе арттыруға алып келеді. Оқу жылының соңында мұғалімнің жоспарланбаған мұндай жүктемесіне жалақының қандай қаражаттан төленуі үлкен сұрақ.
Мектептерге бұл орайда қосымша қаражат бөліне ме? Егер бөлінбесе, мұғалімнің еңбегі, маңдай тер - ақысы қайдан төленбек деген мәселені көтерген депутат егер сыныпқа оқушы санын 25-тен көбейтуге шешім қабылданса, онда мектеп директорлары өз қалтасынан айыппұл төлеуге мәжбүр. Пандемия кезінде мектеп директорларына айыппұл төлету қаншалықты қисынды екеніне назар аударды.
Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті 2020 жылдың 1 қыркүйегінен 2021 жылдың 26 наурызына дейінгі аралықта карантин талаптарын сақтауға байланысты жалпы білім беретін мектептерде 1787 тексеру, балабақшаларда 104 тексеріс жүргізген. Осы негізде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін мектеп директорларына жалпы соммасы 18 млн 3 23 мың теңге және балабақшалар меңгерушілеріне жалпы соммасы 9 млн 309 мың теңге айыппұл салынған.
Ж.Сүлейменова атап өткендей, директорлар, меңгерушілер үшін әкімшілік айыппұл көлемі 230 айлық есептік көрсеткішті немесе 638 940 теңгені құрайды. Осы орайда Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары бірқатар ұсыныс берді. Атап айтқанда, біріншіден, бас санитарлық дәрігер қаулысының талаптарын, сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмау, мұғалімдерге жалақы төлеу тетіктері толыққанды түсіндірілуі қажет.
Екіншіден, оқушылардың білім сапасын анықтау үшін, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндерден Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім академиясы, Ұлттық тестілеу орталығының мамандарымен бірлесіп, оқушылардың пәндік олқылықтарын, яғни түсінбей қалған күрделі тақырыптарды қайталап, орнын толтырудың жеке маршрутын әзірлеуі қажет.
Білім және ғылым министрлігі ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын азайту тетіктерін ойластыруы маңызды.
Үшіншіден, Білім және ғылым министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, дәстүрлі және аралас оқыту форматын ұйымдастыру ерекшеліктері, сонымен бірге оқу процесінің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері туралы ата-аналар үшін толыққанды әрі кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.
Төртіншіден, жергілікті атқарушы билік органдары бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, оффлайн негізде сыныпқа келетін 25 оқушының нақты критерийлерін анықтап, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі форматта білім беруге көшуге икемді шешім қабылдауларын ұсынды.