Пандемия кезінде көз жұмған дәрігерлерге мемориалдық тақта орнатылады

2 Мамыр 2021, 09:27
1275
Бөлісу:
Пандемия кезінде көз жұмған дәрігерлерге мемориалдық тақта орнатылады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында денсаулық сақтау саласына қатысты 12 тармақ бар.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов айтты. Оның сөзінше 1 тармақтың мерзімі келмеген, 2023 жылға жоспарланған. Ол халыққа арналған интернет арқылы қолжетімді дәрілер мен медициналық бұйымдардың дерекқорын құруға, сондай-ақ дәрілік препараттарға бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған.

Сол тармақтар негізінде биыл гематолог, акушер-гинеколог, нейрохирург, травматолог-ортопед, реаниматолог-анестезиолог, реабилитолог, неоноталды хирург сияқты 6 жоғары кәсіби білімі бар мамандарды оқыту жоспарлануда. Осы орайда, жергілікті мәслихатқа 21 маманды оқытуға өтінім берілген болатын. Алайда, қолдау таппады. Бүгінгі таңда Түркия, Новосибирск сияқты шет елдердің коммерциялық ұсыныстары қарастырылып, екінші тоқсанда оқыту жұмыстарын бастамақпыз, - деп атап өтті Хамит Саттарқұлұы.

Ол Жол картасында Тараз қаласынан 200 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансер салу қарастырылғанын жеткізді. Сыртқы инженерлік желілерсіз бұл нысаның құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталған екен. Оның жалпы сметалық құны 13,9 млрд теңге шамасында болса, келісім шартқа сәйкес құны – 13,4 млрд теңге. Бұл жобаның бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биылғы шілде айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Өңірде қаңтар мен наурыз аралығындағы жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты болып тұр. Өлім себептерінің құрылымында алғашқы бес орында қан айналымы жүйесінің, тыныс алу, ас қорыту органдарының аурулары, қатерлі ісіктер мен жазатайым оқиғалар, уланулар және жарақаттарды айту керек. Нәресте өлімінің көрсеткіші бірінші тоқсанның қорытындысымен 7,8-ді құрады, 14,7 %-ға өскен. Есепті кезеңде бір жасқа дейінгі 52 бала шетінеген. Нәресте өлімі көрсеткіші себептерінің құрылымында бірінші орынға перинаталдық кезеңнің кейбір жағдайларын жатқыздық. Ал екінші орынға туа біткен ақаулар орналасты. Бұл себеппен жыл басынан бері шетінеген сәбилердің үлес салмағы аймақта 28 %-ға жуықтайды, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Х.Мырзақасымов ағымдағы жылы Жамбыл облысында 3 ана өлімі тіркелгенін де жасырмады. Бұлар Байзақ, Меркі, Талас аудандарында орын алған. Қазіргі таңда нақты шаралар қолға алынып, жүйелеу жұмыстары жүргізілу үстінде көрінеді.

Жауапты маман Денсаулық сақтау министрінің «Covid-19 ауруы бар және күдікті науқастарды бақылауды ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес, 5000 тұрғынға 1 мобильдік топ ұйымдастыруы қажеттігі бар екенін еске салды. Бүгінде халыққа үйде медициналық қызмет көрсету, оның ішінде дәрілік заттарды жеткізу үшін медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары жанынан 214 ұтқыр әмбебап бригадалар жасақталып, қызмет етіп жатыр

Жол картасының бір тармағы аясында биыл жергілікті бюджет есебінен медициналық құрал-жабдықтарға 2,477 млрд теңге қаражат бөлініп, емдеу алдын-алу ұйымдарына 120 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр. Тараз қалалық ауруханаларға – 26, аудандық ауруханаларға 94 дана медициналық құрал-жабдықтарға бюджеттік өтінім жасалды. Емдеу алдын алу ұйымдары медициналық құрал-жабдықтардың клиника-техникалық негіздемесі мен сараптамалық қорытындысын толықтай өткізсе, екінші тоқсанда тендерлік әдіспен сұранымдары қамтамасыз етіледі, - деді Хамит Саттарқұлұы.

Ол жыл басынан бері өңірде 720 бүлдіршін балаларға арналған және емдік тағамдардың мамандандырылған өнімдерімен қамтылғанын сөз етті. Сонымен қатар жоғары технологиялық әдістерді енгізу бойынша ағымдағы жылы Тараз қаласында 3 жоба қолға алынған. Соның аясында қантар айында – 9, ақпанда 21 дефибриллятор имплантациясы мен 6 экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) жасалыпты.

Жедел медициналық көмекті цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ телемедицина арқылы онлайн-консультациялар санын арттыру бағытындағы жұмыстарды биыл 70 %-ға жеткізуіміз керек. 550 консультациялық кеңес өткізбекпіз. Барлық жедел жәрдем көліктері GPS-навигациясымен жабдықталуда. GPS - навигациямен біріктірілген "КӨМЕК" автоматтандырылған басқару жүйесі де орнатылып, жұмыс жүргізілуде, - деген Х.Мырзақасымов жасанды интеллектті енгізу 2025 жылға жоспарланғанын жеткізді.

Оның айтуынша, Жол картасының соңғы тармағы – Тараз қаласындағы «Қарасу» алабынан «Денсаулық» аллеясын абаттандыру екен. Бұл міндеттеме аясында да нақты шаралар қолға алынып, аллеядан пандемия кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлеріне мемориалдық тақта орнату жұмыстары жүргізілуде.



Өзгелердің жаңалығы